Отандық әнші әрі актер ұшақ бортында стюардессаны соққыға жықты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты FlyArystan әуекомпаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"18 желтоқсанда FlyArystan жолаушысы, көпшілікке танымал әнші және актер әуекомпанияның стюардессасына физикалық күш қолданып агрессия көрсетті. Жолаушы сырт киімінің багаж сөресінде мыжылғанына наразылығын білдірді, содан кейін стюардесса жолаушының сыртқы киімін қол жүгінің үстіне қоюға көмектеспек болды, бірақ жолаушы одан күртесін тартып алып, стюардессаның маңдайынан ұрған", - делінген хабарламада.
Аталған жайтқа байланысты рейс бір сағатқа кешіккен.
Әуе компаниясының хабарлауынша, әнші полицияға тапсырылып, оған 440-бап (алкогольді ішімдік ішу немесе мас күйде қоғамдық орындарға шығу) бойынша айып тағылған, дегенмен хабарламада құқық бұзушының мас болғаны айтылмаған.
"Жолаушыны жауапкершілікке тарту үшін стюардесса одан әрі заңды тергеу үшін сот-медициналық сараптамадан өтті", - делінген хабарламада.