"Атамекен" алаңында көлік әкелуге қатысты талаптар талқыланды

313

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Қазақстанға автокөлік әкелу және оны рәсімдеу мәселелеріне арналған сараптамалық кездесу өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

"Атамекен" алаңында көлік әкелуге қатысты талаптар талқыланды Фото: atameken.kz

Жиынға "Атамекен" ҰКП, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті, Көлік, Өнеркәсіп және құрылыс, Сауда және интеграция, Экология және табиғи ресурстар, Ішкі істер министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ салалық қауымдастықтар қатысты.

Кездесуде жеке тұлғалардың жеке қажеттілігі үшін және кәсіпкерлердің кейіннен сату мақсатында автокөлік әкелу тәртібі түсіндірілді. Сонымен қатар кедендік рәсімдеу, көлік құралдарының электрондық паспорты, кәдеге жарату төлемі, техникалық талаптар және мемлекеттік тіркеу мәселелері қаралды.

Мамандардың айтуынша, көлік әкелуге қатысты негізгі талаптар бұрыннан қолданыста. Қазіргі жүргізіліп жатқан жұмыстардың мақсаты – қолданыстағы рәсімдерді жүйелеп, бір-бірімен байланысты нормативтік құжаттарды өзара сәйкестендіру.

Жеке және коммерциялық мақсаттағы импорт

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті автокөліктерді кедендік рәсімдеу тәртібіне тоқталды.

Егер азамат көлікті жеке пайдалану үшін әкелсе, жолаушылардың кедендік декларациясы толтырылады. Бұл жағдайда кедендік төлемдер ЕАЭО заңнамасында белгіленген бірыңғай мөлшерлемелер бойынша есептеледі.

Үш жылға дейінгі автомобильдер үшін мөлшерлеме көліктің құнына қарай белгіленсе, үш жылдан асқан машиналарда қозғалтқыш көлемі мен шығарылған жылы ескеріледі.

Ал автокөлік жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға арқылы кәсіпкерлік мақсатта әкелінсе, тауарларға арналған декларация қолданылады. Мұндай жағдайда кедендік алым, әкелу бажы, ҚҚС және қозғалтқыш көлемі 3 мың текше сантиметрден асатын жеңіл автомобильдер үшін акциз төленеді.

Осылайша, көлікті рәсімдеу тәртібі оның қандай мақсатпен әкелінгеніне байланысты белгіленеді.

Экологиялық талаптар күшейтіле ме?

Көлік министрлігі жеке пайдалануға әкелінетін кейбір автомобильдерге қойылатын экологиялық талаптарды таныстырды.

Қазақстанда алғаш рет айналымға шығарылатын көлік құралдарының шығарылғанына бес жылдан аспауы және Еуро-5 немесе одан жоғары экологиялық стандартқа сәйкес болуы талап етіледі.

Бұл норма көлікті Қазақстанда пайдалануға алғаш рет рұқсат беру кезінде қолданылады. Бұған дейін ел аумағында тіркелген автомобильдерге аталған талап жүрмейді.

Министрлік бұл шаралар арқылы автомобиль паркін біртіндеп жаңарту және ескі көліктердің импортын шектеу көзделетінін атап өтті.

Көліктің электрондық паспорты қалай рәсімделеді?

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жеке тұлғалар әкелетін көліктердің электрондық паспортын (КҚЭП) рәсімдеу тәртібін түсіндірді.

Электрондық паспортты рәсімдеу кезінде көлік иесі туралы ақпарат жолаушылардың кедендік декларациясындағы декларант деректерімен салыстырылады.

Жеке тұлғаларға арналған КҚЭП шығарылғанына бес жылдан аспаған автомобильдерге беріледі. Сонымен қатар электрондық паспорттар жүйесінде бір азаматтың бір жыл ішінде бір ғана көлік әкелуіне қатысты шектеу қарастырылған.

Жеке пайдалануға арналған автокөлік әкелген азамат КҚЭП рәсімдеу үшін белгіленген тәртіппен сынақ зертханасына жүгінеді.

Министрлік ұсынған рәсімдеу тәртібі бойынша алдымен көлік конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік рәсімделеді. Одан кейін кәдеге жарату төлемі мен алғашқы тіркеу үшін төлем жасалып, кедендік рәсімдеу жүргізіледі. Соңғы кезеңде автомобиль мемлекеттік тіркеуге қойылады.

Кәдеге жарату төлеміне қатысты не өзгерді?

Экология және табиғи ресурстар министрлігі өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелерін орындау тәртібін түсіндірді.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, кәдеге жарату төлемін есептеу механизмі өзгерген жоқ. Импорттаушы алдымен операторға өтінім береді. Құжаттар тексерілгеннен кейін төлем сомасы есептеліп, шот-фактура рәсімделеді. Төлем жасалған соң тиісті сертификат беріледі.

Кәдеге жарату төлемінің мөлшері де өзгеріссіз қалған.

Алайда 2026 жылғы 22 қыркүйектен бастап жеке тұлғалар үшін жаңа реттілік енгізілді. Енді автомобильді еркін айналымға шығарғанға дейін, яғни кедендік рәсімдеу аяқталмай тұрып, кәдеге жарату төлемі төленгенін растайтын сертификат алу қажет.

Ал заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін талап бұрынғы тәртіппен қалады: сертификат автомобильді алғаш тіркеуге дейін, ал көлік бұған дейін сатылған болса, оны сатқанға дейін алынуы тиіс.

Автокөлік сатып алушысы қандай тәуекелге тап болуы мүмкін?

Қазақстандық автомобиль одағы өкілдері көлікті ашық емес жолдармен әкелудің сатып алушылар үшін ықтимал тәуекелдеріне назар аударды.

Қауымдастық мәліметінше, кей жағдайда азамат автомобильді сатып алғаннан кейін оның бұрын іздеуде болғанын немесе тарихында күмәнді деректер бар екенін анықтайды. Мұндай жағдайда көлік иесінің оны толық пайдалануына немесе өз қалауынша иелік етуіне шектеу қойылуы мүмкін. Мәселен, автомобильді несие міндеттемесін өтеу үшін сату қиынға соғады.

Сондықтан сатып алушы үшін көліктің бағасымен қатар оның қайдан әкелінгенін, тарихын және құқықтық мәртебесін алдын ала тексеру мүмкіндігі де маңызды.

Қазақстандық автомобиль одағы елдегі автопаркті жаңартуды да маңызды бағыттардың бірі ретінде атап өтті. Қауымдастық дерегінше, елдегі шамамен 5,6 млн автомобильдің 44%-ға жуығы 20 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді.

Қауымдастық азаматтардың жаңа әрі қауіпсіз, экологиялық талаптарға сай көліктерге ауысуына жағдай жасау қажет деп есептейді.

Сонымен бірге Қазақстандағы автомобиль өндірісінің дамуы нарықтағы ұсыныстың ұлғаюына ықпал етіп отыр. Жеңіл автомобильдермен қатар автобустар мен арнайы техникалар өндірісі артып, модельдер қатары кеңеюде. Өндірісті жергіліктендіру және автокомпоненттер шығару бағыттары да дамып келеді.

Рәсімдер бірізді жүйеге келтірілуде

Кездесуде автокөлік импортын рәсімдеу бірнеше өзара байланысты кезеңнен тұратыны айтылды. Олардың қатарында көліктің техникалық талаптарға сәйкестігін растау, кәдеге жарату төлемін төлеу, кедендік рәсімдеу, КҚЭП алу және мемлекеттік тіркеу бар.

Қазір осы процестерге қатысты нормативтік талаптарды бір жүйеге келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте өнеркәсіп, экология, техникалық реттеу, көлік және көлікті мемлекеттік тіркеу салаларындағы құқықтық нормалар қамтылуда.

Сонымен қатар негізгі тәртіп сақталады: азаматтар белгіленген талаптарды орындау арқылы автомобильді жеке қажеттілігі үшін әкеле алады. Ал көлікті коммерциялық мақсатта импорттау және кейін сату кәсіпкерлік қызметке қойылатын талаптарға сәйкес жүргізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу