«Атамекен» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін жақсарту шараларын ұсынды

«Атамекен» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін жақсарту шараларын ұсынды

11 Маусым 2021 17:50 209

«Атамекен» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін жақсарту шараларын ұсынды
«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловтың төрағалығымен МЖӘ жобаларына мониторинг жүргізу жөніндегі кеңестің жұмысы жандандырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz ҰКП баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңес отырысында  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және концессия туралы заңнамаларды біріктіру, МЖӘ жобаларын цифрландыру және басқа мәселелер талқыланды. Сондай-ақ Ұлттық экономика, Білім және ғылым, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрліктерінің өкілдері мен кәсіпкерлердің ұсынысы жан-жақты қаралды.

«Біздің алаңымыз заңнамалық өзгерістер және шұғыл әрекет етуді қажет ететін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселелер бойынша пікір алмасу, ұсыныс әзірлеуге арналған. Бүгін кеңесте бұған дейінгі отырыстың қорытындысы және бизнес-қауымдастықтың МЖӘ саласындағы заңнамаға байланысты ұсыныстары қаралады. Өзекті мәселелер, сондықтан мемлекеттік орган және бизнес тарапының ұсыныстары маңызды», – деп бастады жиынды Кеңес төрағасы Аманжан Жамалов.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықов МЖӘ заңнамасына түзету енгізудің маңызын атап, мәселелерге тоқталды. Ол МЖӘ жобасы бойынша келісімшарттардың неге азайып кеткенін түсіндірді. Оның айтуынша, статистика соңғы 2 жылда МЖӘ жеке серіктес үшін тартымсыз болғанын көрсетіп отыр.

«Қатаң реттеу жүйесінің салдарынан тіпті ешқандай шарт жасалмады деуге болады. Бұған мынадай себептер бар: инвестордың МЖӘ жобасына кіру шегін 20%-ға ұлғайту; МЖӘ жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің барлық төлемдерінің сомаларын шектеу», – деді Нариман Әбілшайықов.

Сонымен қатар, басқарма төрағасы кәсіпкерлер тарапынан МЖӘ жобаларындағы түрлі сала бойынша заңнамаға түзету енгізуге тиісті ұсыныстарын атады. Оның ішінде МЖӘ саласын цифрландыру бар.

«МЖӘ жобасын бастау үшін көп құжатпен жұмыс атқарып, экономикалық қажеттілігін негіздеп, инвестор табу керек. Әріптестік басталғаннан жобаны аяқтағанға дейін қағазбастылық көп – заңгер, қаржы кеңесшілері және техникалық сарапшылар керек. Мұндай жобаларды жеңілдетіп, тездету үшін цифрлық сервистер: бастапқы құжаттарды жинау және қаржылық, құқықтық модельдерді әзірлеу; бағалау үшін сарапшыларды қосу; қолайлы қолдау шараларын таңдау; инвесторларды іздеу керек. Сондықтан біз МЖӘ және концессия туралы заңдарға тиісті толықтырулар енгізу арқылы МЖӘ цифрлық платформасын құру мәселесін жандандыруды ұсынамыз»,– деді ол.

Нариман Әбілшайықов бұл нормалар цифрлық платформа мәртебесін ресми бекітуге және оны жүргізу бойынша уәкілетті тұлға – МЖӘ орталығын бекітуге мүмкіндік беретінін айтты.

Кеңес төрағасы Аманжан Жамалов отырысты қорытындылай келе «мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» және «концессия туралы» заңдарды біріктіру идеясы бұрыннан талқыланып келе жатқанын атап, цифрландыру мәселесін шешуді жеделдету қажеттігін айтты.

«ҰЭМ ұсыныстарды анықтап, талдап, біріктіру мәселесін шешуі керек. Мемлекеттік қолдау шараларына келетін болсақ, тәжірибе тәртіп неғұрлым көп болса, шағымдар мен қателер соғұрлым аз болатынын көрсетіп отыр. Біздің алғашқы отырысымыздан бері МЖӘ сарапшыларының рөлі артты, бизнес қауымдастық сізге проблемалық мәселелерді шешуге көмектесуге дайын», – деді Аманжан Жамалов.

Ұқсас материалдар:

auyldarda-uchaskelik-inspektor-zhetispejdi

kazakstan-byltyr-shetelden-4-mlrd-dollarga-azyk-tulik-satyp-algan

elordada-turmystyk-kylmys-azajgan

prezident-kazakstan-eksport-dese-aldymen-mal-sharuashylygyn-damytuy-kerek

maek-kazatomonerkasip-mekemesi-satyla-ma

загрузка

×