"Атамекен" өңірлердегі кәсіпкерлерді назардан тыс қалдырмайды

939

Бүгін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Түркістан облысының кәсіпкерлерімен кездесті. Бұл туралы палатаның апталық брифингінде айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Атамекен" өңірлердегі кәсіпкерлерді назардан тыс қалдырмайды

"Қазақ мақта" қауымдастығының төрағасы Болат Жүсіпов Тимур Құлыбаевқа "Кең дала" бағдарламасымен несиелендіру барысында туындап жатқан мәселелерді жеткізсе, "Алма-Жабағлы" ЖШС басшысы Мақсат Әбдікәрімов көктемгі егіс науқанын қаржыландыруда күрмеу көп екенін баяндады. 

Айта кетейік, еліміздің барлық аймағында кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі өңірлік кеңес жұмыс істейді. Кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуді көздейтін өңірлік кеңестің онлайн кездесуі кеше басталды. Шара щеңберінде палатаның төралқа төрағасы облыстардағы және Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы кәсіпкерлермен онлайн байланысқа шықты. 

Қостанайлық кәсіпкерлер ұн тарту мәселесін күн тәртібіне қойса, Ақмола облысының іскерлік қауымдастығы пандемия кезінде қатты зардап шеккен туризм, оның ішінде балалар демалысын ұйымдастыру ақсап қалғанына назар аударды. Қарағандылық бизнесмендер тауар тасымалы кезінде толтырылмай қалған, еуропа елдерінен алынған бланкілердің мерзімін 50 күннен 70 күнге дейін ұзартуды немесе жүйені цифрландыруды сұрады. Павлодарлық кәсіпкерлер қосымша құн салығын төлеуші мәртебесіне өту үдерісін автоматтандыруды ұсынды. 

Жоғарыдағы мәселелердің барлығы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының назарына алынды. 

Апталық брифинг барысында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың бизнесті қорғау жөніндегі V форумға қатысып, пікір білдіргені баяндалды.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу