"Атамекен" ҰКП Гүлжан Қарақұсованың сынына жауап берді

1769

Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Гүлжан Қарақұсова елдегі жұмыспен қамту бағдарламаларын сынға алған еді.  

"Атамекен" ҰКП Гүлжан Қарақұсованың сынына жауап берді

"Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарақұсованың сынына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Гүлжан Жанпейісқызы 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан "Бастау" жобасын айтқан сияқты. Онда жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар кәсіпкерлік негіздерін үйренеді, бизнес-жоспарлар әзірлейді. Одан кейін бизнес-жоспарларын комиссия алдында қорғап, мақұлданған жағдайда жеңілдетілген несие (жылына 6%) мен грант ала алады. Бағдарлама аясында 76 268 адамды оқыттық. 2019 жылдың соңына дейін тағы 40 мың адам оқытылады. Бағдарламада білім алушылардың 20% қаржыландыру жөнінде индикатив бар. 4 қазандағы жағдай бойынша 20 298 адам немесе 26,6% өз кәсібін бастады.  Олардың 93% салық төлеп отыр. 2019 жылдың алғашқы жартысында 620 млн теңге салық төленген. Олардың жұмыссыз адамдар болғанын ескерген жөн", – деп жазды Эльдар Жұмағазиев Facebook-парақшасында.

Оның айтуынша, қатысушылар активтінің жалпы сомасы (микронесие көлемі) 35 млрд теңгеге жеткен. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 50 млрд теңгені құраған.

"Яғни қолдау ретінде берілген әрбір теңгеге 1,8 теңгеден келеді. Жобалардың негізгі бөлігі агроөнеркәсіптік кешен саласында жүзеге асқан. "Бастаулықтар" Қостанай мен Жамбыл облыстарында сүт зауыттарының, БҚО-да консерві өнімдерінің негізгі жеткізушілері атанды. Қазіргі уақытта қатысушыларға ТҚО, сұлулық салондары, қоғамдық тамақтану, тігін салаларында бизнес ашуға көмек көрсетілуде", – деді ол.

Сонымен бірге, Э. Жұмағазиев жоба бойынша алдағы жоспармен бөлісті.

"Жыл соңына дейін 40 мың жұмыс орнын ашамыз. 2017-2019 жылдары оқуға бөлінген 9,4 млрд теңге игеріледі. Нәтижесінде бір жұмыс орнының құны 235 мың теңге болады. Бұл Г. Қарақұсова көтерген бағдарламаның тиімділігін көрсетеді. Мен оның ауылдардағы жұмыссыздар тағдырына қызығушылық танытқанына рахмет айтамын. Күн сайын бұл жоба бойынша 600 адам еңбектенеді. Әрбір бизнес-жоба тұтас бір отбасының тағдырын шешеді, сондықтан біз өз жұмысымызға ерекше мән береміз. Олардың бәрінен кәсіпкер шықпайды. Оқыту бағдарламасының соңына тек мықтылар ғана жетеді. Қаржыландыру ала алмағандардың өзі жаңа біліммен қайтады", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу