"Атамекен" ҰКП мемлекеттің толыққанды әріптесіне айналды – Тоқаев

580

Қасым-Жомарт Тоқаев "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Х съезіне орай бизнес өкілдеріне үндеу жолдады.    

"Атамекен" ҰКП мемлекеттің толыққанды әріптесіне айналды – Тоқаев Фото: atameken.kz

Мемлекет басшысы елімізде шағын және орта бизнесті өркендетуге баса мән берілетінін айтып, Кәсіпкерлер палатасының отандық бизнестің бәсекелік қабілетін арттырудағы маңызына тоқталды. Президенттің құттықтауын съезде Премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаев оқып берді, деп жазады inbusiness.kz "Атамекен" ҚР ҰКП сайтына сілтеме жасап.

"Құрметті съезге қатысушылар, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Х съезінің ашылуымен құттықтаймын. Отандық бизнес еліміздің экономикасын өркендетуге айрықша ықпал етеді. Біз нарықтық экономика құрып жатырмыз. Сол себепті өнеркәсіп саласында, экономикада өзгерістер жасау және елімізді дамыту жолында жауапты әрі мықты кәсіпкерлер қауымы басты рөл атқарады. Қазақстанда шағын және орта бизнесті өркендетуге баса мән беріледі", – деп жазылған Мемлекет басшысының құттықтауында.

Президенттің айтуынша, соңғы 10 жылда бұл саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі екі есе артып, 34%-ға жеткен. Бизнесте 3,5 миллионнан астам адам еңбек ететінін, Ұлттық палатаның алдында нарыққа сапалы сараптама жасау үдерісіне қатысу үшін жаңа тәсілдер әзірлеу міндеті тұрғанын атап өтті.

"Осы уақыт ішінде ҰКП мемлекеттің толыққанды әріптесіне айналды. "Атамекеннің" микро және шағын бизнесті қолдаудағы, өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуда басымдық бере отырып, жасап жатқан ауқымды өзгерістері еліміздің алдында тұрған мақсат-міндеттерге толық сай келеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысының айтуынша, мемлекет шағын және орта бизнестің дамуына барынша жағдай жасап, кез келген заңды кәсіпкерлік қызметке қолдау көрсетеді. Сондай-ақ елімізде бизнесті өңірлік қана емес, жаһандық деңгейде дамытуға мүмкіндік бар екендігі де айтылған. Құттықтауда мемлекеттің "Атамекенмен" бірлесе отырып, ұлттық экономиканы монополиядан арылту, нарықтарды игеру, бәріне түсінікті әділ ойын ережесен қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғасатыны жазылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу