"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ұлттық банктің айырбастау пункттерінде валюта бағамдары бар жарық таблоларды алып тастау туралы бастамасына наразылық білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Палата Ұлттық банктің ақпараттық стендтер көлік құралдарының қозғалысына қауіп төндіреді деген тұжырымының негізі жоқ деп санайды.
"Валюталарды сатып алу/сату бағамы туралы ақпарат жалпыға қолжетімді ақпарат. Ғимаратқа кіре берістен тыс орналастырылатын деректер сыртқы (көрнекі) жарнамаға жатады және оларды заңнама талаптарына сәйкес жалпы негіздерде валюта айырбастауды жүзеге асыратын уәкілетті ұйымдар белгілейді", – деп атап өтті ҰКП сарапшылары.
Сонымен қатар, палата таблоны алу тұтынушылардың құқығын бұзатынын алға тартты.
"Заңнамаға сәйкес азаматтардың тауар (жұмыс, қызмет) және олардың жеткізушілері (дайындаушы, орындаушы) туралы толық, дұрыс және уақтылы ақпарат алуға құқығы бар. Көше тақталарына тыйым салу айырбастау пунктіне барғанға дейін валюта бағамдары туралы ақпаратқа қол жеткізуді шектейді. Бұл "Атамекен" сарапшыларының пікірінше, ашықтық қағидаттарына қайшы келеді және тұтынушыға бәсекелестік нарықтағы жағдайларды объективті бағалау мен салыстыруды қиындатуы мүмкін", - дейді палатадағылар.
Палата мамандары аталмыш бастама ҚР Конституциясына сәйкес, әркімнің еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар деген бапқа және ҚР Кәсіпкерлік кодексінде көзделген адал бәсекелестік қағидаттарына қайшы келетініне тоқталды.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов көше бойындағы курс жазылған тақталар – тоқсаныншы жылдардан қалған анахронизм екенін айтып, оларды алып тастау керек деген бастама көтерген еді.
Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық банк ақша айырбастау пункттері валюта бағамын көшеге ілуге қарсы екенін білдірген материал жазған болатынбыз. ҚР Ұлттық банк елдегі валюта айырбастау пункттеріне бағам жазылған тақтаны көшеге ілуге тыйым салады. Аталған қаулы қазір "Ашық НҚА" порталында жарияланып, 14 сәуірге дейін көпшіліктің талқысына қойылған.