Елімізде атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін 21 мыңнан отбасы нақты табысын жасырғаны белгілі болды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Мысалы, кәмелетке толмаған екі бала тәрбиелеп отырған Алматы облысының 25 жастағы тұрғыны мамыр айында аталмыш көмекті алу үшін жүгінген. Табыс ретінде ол жұбайының жалақысын 43 мың теңге деп көрсеткен. Бұл мәлімет міндетті зейнетақы жарнасымен расталып, отбасыға жылына 739 мың 860 теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек тағайындалған. Алайда, шілдеде жұмыс беруші бірінші тоқсан үшін қосымша 77 мың 100 теңге көлемінде қосымша зейнетақы жарнасын төледі. Осылайша, өтініш берушінің нақты табысы айына 300 мың теңгені немесе 2019 жылғы бірінші тоқсанда 900 мың теңгені құраған.
"Е-Халық" ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, 21 мыңға жуық отбасы табысы төмен және мұқтаж отбасыларға ғана берілетін атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алу үшін өздерінің нақты табысын жасырған.
"Осыған байланысты, министрлік әкімдіктермен бірлесіп, "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Қазақстан Республикасының Заңын бұза отырып, рұқсатсыз төленген төлемдерді қайтару және қайта қарау, заңбұзушылықтардың алдын-алу бойынша әрбір анықталған факті бойынша жеке-жеке жұмыс жүргізеді",– деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
15 тамыздағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмекпен 1,8 млн қазақстандық қамтылған. Жәрдемақы алушылардың көбі Түркістан облысында – 498,7 мың адам, Алматы облысында – 225,4 мың адам, Шымкент қаласында – 216,3 мың адам тұрады.
Олардың 42%-ы – қала тұрғыны, 58%-ы – ауыл тұрғыны.
Биылғы жылғы 1 тамызға АӘК 103 млрд теңге сомасында төленді. Бір отбасына төлемнің орташа мөлшері айына 86 мың теңгені құрады.