Атбасар колониясының 12 қызметкері азаптау ісі бойынша кінәсіз деп танылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осы жылдың ақпан айында алқабилер колония қызметкерлерін ақтаған болатын. Алайда сәуірде бірінші сатыдағы сот процедуралық бұзушылықтарға жол бергені белгілі болды. Сонымен 12 адам қайтадан сотталушы орындығына отырды.
"Алқабилер істі қарау қорытындысы бойынша сотталушылардың кінәсіздігі туралы шешім шығарды. Қылмыс оқиғасының болмауы және сотталушылардың кінәсіздігі туралы шешім кеңесу бөлмесінде дауыс беру арқылы қабылданды. Дауыс беруге 10 алқаби және 1 судья қатысып, әрқайсысы бір дауыстан ие. Дауыс беру кезінде артықшылық қарастырылмаған", – делінген сот хабарламасында.
Барлық сотталушылар кінәсіз деп танылды және оларды оңалту құқығы танылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, 2023 жылы әлеуметтік желіде түрмеде азапталған адамның видеосы тараған. Биыл ақпан айында Атбасар колониясының бұрынғы 12 қызметкерін алқабилер соты ақтады. Ақмола облыстық прокуратурасы үкімімен келіспеген және оған қарсылық білдірген.
Сәуір айында Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен үкім жойылып, іс қайтадан сот қарауына жіберілгені хабарланды.