Атбасарда мұғалімдер мен медициналық мекеме өкілдері балта ұстап жүр

849

Атбасарда мұғалімдер мен медициналық мекеме өкілдері балта ұстап жүр

Ақмола облысына қарасты Атбасар ауданындағы мемлекеттік мекеме қызметкерлері негізгі жұмыстарын ысырып қойып, дала кезіп жүр, деп хабарлайды newsroom.kz.

Қолдарына балта ұстаған мұғалімдер, партия, медициналық мекеме өкілдері өзеннің шетіндегі талдарды шауып жатыр. Айтуларынша, тал болмаса, мұздардың тез ағып кетуіне кедергі болмайды. Атбасарлықтар өздерінің тікелей міндеттеріне жатпайтын жұмыстарды істеуге қарсылық білдірген. Бірақ, олардың сөздеріне ешкім құлақ аспапты.

Желтоқсаннан бері өзенінің шетіндегі жабайы өсіп кеткен талдарды шабу мемлекеттік қызметкерлердің негізгі міндеттеріне айналғандай. Әсіресе, мектеп, колледж мұғалімдері түске дейін сабақ берсек, түстен кейін қолымызға балта алып, осында келеміз дейді. Жоспарсыз сенбіліктер негізгі жұмысымызға кедергі келтіріп жатыр дейді мұғалімдер.

Сұxбат беруден бас тартқан мұғалімдер  артық ауыз сөз айтсақ жұмысымыздан айырылып қаламыз деп қорқады. Қара жұмысқа заңсыз тартылып жатқандардың қатарында студенттер де бар. Барлығы жиналып өзеннің мұзы ерігенше 2 шақырым жердің талын қолмен шауып үлгеру керек. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігі үшін керек дегенді алға тартқан аудан әкімі "қарсылық білдіргендер болған жоқ" дейді.

"Менің көзімше қарсы шығып, мен шықпаймын деген адам жоқ. Әрине, бұл ерікті түрде шығып жатыр. Ешкім қатты зорлап жатқан жоқ. Түске дейін оқиды ғой. Сосын түстен кейін сағат екіден беске дейін 3-ақ сағат қана жұмыс жасайды", - дейді Атбасар ауданы әкімі Аманбек Қалжанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу