Расул мен Полина Саматовтардың отбасында қуанышты жаңалыққа себепкер болған нәрестелер перзентханадан шығарылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Медициналық университет кафедрасының профессоры Светлана Шиканованың айтуынша, статистика бойынша үшемге эко технологиясыз жүкті болу – сирек кездесетін жағдай.
"Полинаның отбасында көпбалалы жүктілікке тұқым қуалайтын бейімділік бар. Жүктілік пен босану кезеңі сәтті өтті. Үш сәби қанағаттанарлық жағдайда үйге шығарылуда", – деді сарапшы.
Расул мен Полинаның ата-ана ретіндегі тәжірибесі мол. Бүгінгі перзентханадан шығару салтанатына үшемнің әпкесі, 5 жасар Даяна мен үш жастағы ағасы Ислам да қатысты.
Жас отбасын қуаныштарымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері және Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі құттықтады.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде 5 255 сәби дүниеге келген. Оның ішінде 51-і – егіздер, ал екеуі – үшем.
Қазіргі уақытта өңірдегі перзентханалар қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдерге медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған.