Атом электр стансасын салу – ұзақмерзімді жоба. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan газетіне жарияланған мақаласында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"6 қазан күні АЭС құрылысына қатысты өткен жалпыұлттық референдумда халық өз ықтиярын білдіріп, таңдау жасады. 5 561 937 азамат немесе дауыс берушілердің 71,12 пайызы АЭС салуды қолдады. Президент АЭС құрылысына байланысты "Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр стансасын салу – ұзақмерзімді жоба. Аталған бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін даярлауға жағдай жасайды. Демек оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді", деп атап өткен болатын.
Референдумнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Республикасына мемлекеттік сапары аясында осы елдің Президенті Эмманюэль Макронмен және Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинмен АЭС құрылысы туралы пікір алмасты", – делінген мақалада.
Берік Уәлидің жазуынша, қазіргі уақытта Қытай тарапымен осы бағытта келіссөздер жүргізіліп жатыр.
"Яғни бірнеше жылға созылатын мегажобаны жүзеге асыру атом өнеркәсібінде мол тәжірибесі бар ірі компаниялардан құралған халықаралық консорциумға жүктеледі. Жуырда Мемлекет басшысы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдап, елімізде салынатын атом электр стансасының құрылысын жеделдетуді тапсырды", – деді ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы.