"Ахмет тағылымы және салалық терминология" атты дөңгелек үстелде ғалымның ұлттық терминологияны қалыптастырудағы ғылыми-әдістемелік қағидаттарының бүгінгі күні де маңызын жоғалтпағаны айтылды. Оның термин жасаудағы ұстанымдары қазақ тілінің ғылыми және кәсіби қолданысын кеңейтуге берік негіз болатыны атап өтілді.
Жиын барысында атом өнеркәсібі, ядролық ғылым, қолданбалы технологиялар, радиациялық және ядролық қауіпсіздік салаларындағы терминдерді халықаралық талаптар мен қазақ тілінің тілдік заңдылықтарына сай жүйелеу мәселесі қаралды.
Сонымен қатар цифрландыру мен жасанды интеллекттің дамуына байланысты пайда болған жаңа ұғымдарды қазақшаға аудару, оларды ғылыми термин ретінде қалыптастыру және кәсіби ортада орнықтыру тәжірибесі сөз болды.
Дөңгелек үстел қорытындысында салалық сөздіктерді жетілдіру, терминологиялық жұмысты үйлестіру және мемлекеттік қызметшілердің осы бағыттағы бастамаларын қолдау бойынша ұсыныстар әзірленді.