Аттестациядан өтетін мемқызметшімен әңгімелесу барысы аудио және бейне таспаға жазылады

1027

Аттестациядан өтетін мемқызметшімен әңгімелесу барысы аудио және бейне таспаға жазылады

Аттестациядан өтетін мемлекеттік қызметшімен әңгімелесу барысы аудио және бейне таспаға жазылады. Бұл жайында Қарағандыдаға кездесу барысында  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шаимова айтты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Ағат пікір білдіру әдепті бұзу саналады. Соған орай Әдеп кодексіне сәйкес жауапкершілік жайында сөз болуы қажет. Яғни, аттестациялық комиссияның әрбір мүшесі өздеріне аттестацияны позитивті әрі ашық өткізу барысында жауапкершілік жүктелетіндігін түсінуге тиіс. Мұнан бөлек, ашықтықтық пен тиімділікті қамтамасыз ету үшін аттестациялық комиссия құрамына қоғам және БАҚ өкілдері кіретін болады", – деді ол.

Оның айтуынша, аттестациядан өтетін мемлекеттік қызметшімен әңгімелесу барысы міндетті түрде  аудио және бейне таспаға жазылады. Бұл аттестациядан өтушіні де, аттестациялық комиссия мүшесін де негізсіз шағымдардан қорғайтын болады. Әңгімелесу 5-7 минут уақытты алады.

"Тестілеу бағдарламасын халықаралық консалтингтік агенттіктің мамандары әзірледі. Сұрақтар тізімі бойынша белгілі бір нормативтік актілер жоқ. Бұл өкілетті органнан нұсқаулық хат болады", – деді Шаимова.

Айта кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, Айгүл Шаимова Қарағанды  облысы әкімдігінде "Б" корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің алдағы аттестациясы бойынша кездесу өткізді.

Қарағанды облысында 2 ақпан күні орта топтағы мемқызметшілерді тестілеу басталады. Кездесуде аталып өтілгендей, өңірде 5000-нан астам мемқызметші аттестациядан өтеді. Көрсетілген санаттар бойынша, 1157 адам (мемлекеттік қызмет аппаратының жалпы 23,6%-ы) тестілеуден босатылады.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу