"Аттракциондағы апат": Қызылордадағы саябақ тергеу аяқталғанша жабық тұрады

​Бұған дейін қызылордалық жігіттің аттракциондағы апаттан 2 аяғынан айырылғанын жазған едік. 

"Аттракциондағы апат": Қызылордадағы саябақ тергеу аяқталғанша жабық тұрады Фото: ЖИ

Осы ойын-сауық орындағы қайғылы оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер жария етілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қайғылы оқиғаның 14 маусым күні түнгі сағат 00:00 шамасында болғанын растады. 

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары гидравликалық құралдардың көмегімен аттракционның рельстік құрылымына қысылып қалған жігіттің екі аяғын шығарып алып, оны облыстық көпбейінді медициналық орталыққа жеткізген.

Зардап шеккен азамат – 18 жастағы саябақ қызметкері. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін екі аяғын ампутациялауға мәжбүр болған.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, оқиға болған саябақтағы аттракциондар ресми тіркеуден өтпеген. Бөлімде тек қалалық мәдениет және демалыс саябағы мен Президент саябағындағы аттракциондар ғана тіркелген. Ал "Арай" саябағы өз аттракциондарын есепке қою туралы өтініш бермеген.

Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы мен қала әкімдігі өкілдері өткен жылдың 21 мамыры және 20 тамызы күндері саябақ әкімшілігіне жаңадан орнатылған аттракциондар мен балалар ойын алаңдарын қолданыстағы стандарттарға сәйкес тіркеу қажеттігі туралы екі рет ескерту жасағанын хабарлады. 

Қазіргі уақытта еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу аяқталғанға дейін саябақтағы аттракциондар аймағы келушілер үшін жабық тұрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу