Небәрі 19 жастағы жігіттің аяғы аттракцион дөңгелектерінің астында қалып қойған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Белгілісі, зардап шеккен жан өте көп қан жоғалтқан және ауыр жарақат алған.
Қазіргі уақытта аттракционды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуы тексеріліп жатыр. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс те қозғалған.
– Қазір іс аясында оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады Қызылорда облыстық Полиция департаменті.
Аяғы аттракцион астында қалып қойған жігіт облыстық көпсалалы ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізіліпті. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін қос аяғын да ампутациялауға мәжбүр болған.
– Науқасқа шұғыл хирургиялық операция жасалды. Ота барысында сол аяғы санның жоғарғы үштен бір бөлігі деңгейінде, ал оң аяғы тобық буыны деңгейінде ампутацияланды, – деді бас дәрігер Жасұлан Баймаханов.
Қазіргі уақытта науқастың жағдайы әлі де өте ауыр әрі тұрақсыз күйде болып тұр.