"Атүсті қарауды доғарыңыздар": Үкімет басшысы әкімдерге тапсырма берді

905

Әсіресе тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жіті көңіл бөлген жөн. 

"Атүсті қарауды доғарыңыздар": Үкімет басшысы әкімдерге тапсырма берді Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Олжас Бектенов әкімдер жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына баса назар аударуы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Жергілікті жерлерде барлық әкімдердің жұмысын көріп отырмыз. Мысалы, Маңғыстау облысында МАЭК-тің 2-ші жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмыстары 8 қаңтардан бері әлі күнге дейін басталған жоқ. Ұлытау облысы да Жезқазған Жылу электр орталығының қазандығын жөндеуге кіріскен жоқ. Әкімдер, сіздерге айтарым, жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына атүсті қарауды доғарыңыздар. Объектілерге өздеріңіз шығып, жөндеу жұмыстарының барысын тікелей бақылауға алу керек", - деді Үкімет басшысы.

Бұдан бөлек Олжас Бектенов елімізде жылу энергиясы өте көп ысырап болатынын айтып, кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 20%-ға дейін жететінін айтты.

"Бұл жылу мен энергияны үнемдеу тәсілінің дұрыс емес екенін көрсетеді. Бізде "Энергияны үнемдеу туралы" заң бар және барлық талаптар бекітілген. Олардың сақталуын қатаң бақылау қажет. Мен өңірлерге сапарым кезінде Президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өзім тексеретін боламын.

Жылу орталықтарын, қазандықтар мен жылу және электр желілерін қалыпты жағдайға жеткізу керек. Әсіресе, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге баса көңіл бөлу қажет", - деді Премьер-Министр.

Осыған байланысты Үкімет басшысы Энергетика, Өнеркәсіп министрліктері мен өңір әкімдіктері жылыту маусымына дайындық бойынша барлық іс-шаралар жоспарын 15 мамырға дейін бекітуді тапсырды.

"Орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің жаңа жылыту маусымына толық дайын болуын қамтамасыз ету керек. Өнеркәсіп, Энергетика министрліктері мен өңір әкімдіктері барлық жылу көздерін отынмен уақтылы қамтамасыз етуі қажет. Коммуналдық-тұрмыстық көмір қорын жаз кезінде жинақтап алу жұмысын жандандыру керек", - деп толықтырды ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу