Атырау-Астрахань автожолын қайта құру жұмыстары келесі жылы аяқталмақ

1126

​Құрылыс жұмыстарының кешігуіне жобалау кезінде қателік әсер еткен.

Атырау-Астрахань автожолын қайта құру жұмыстары келесі жылы аяқталмақ

​Бұл туралы еліміздің батыс өңіріндегі автожолдардың мәселелеріне арналған қоғамдық талқылауда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп жазды inbusiness.kz

​ҚР ИИДМ басшысы жалпы ұзындығы 277 шақырымдық автожолды реконструкциялау құны 87,4 млрд теңгені құрайтынын атап өтті. 

2019-2021 жылдары Ресей шекарасынан Ганюшкино кентіне дейінгі ұзындығы 60 шақырым болатын жолды қайта құрудың бірінші кезеңі іске асырылды. Жұмысқа 22 млрд теңге жұмсалды. Жаңа жабынды салынған учаскеде қазір қозғалыс ашылған.

​2020 жылдан бастап Еуропа қайта құру және даму банкінің қарызы есебінен қаржыландырылатын ұзындығы 217 шақырымдық (65,4 млрд теңге) екінші кезеңді іске асыру басталды. Оған төрт мердігер компания: Lankaran Yol Tikinti, Todini Construzioni Generali S. p.A, Ant Insaat Maden Sanayi және "СМС" БК" ЖШС тартылған.

​"Жобаның басталуы расында ұзаққа созылды. 2020 жылы оған COVID-19 пандемиясы қатты әсер етті. Соның салдарынан қызметкерлерді жұмылдыру кезінде қиындықтар туындады. Бұдан басқа, жобаны іске асыру барысында "Жаңа жол" ЖШС институты жобалау кезінде қателік жіберген. Жергілікті карьерлерден топырақ қосылған қабат төселіп, гипстің құрамына қойылатын талаптарға сәйкес келмеді. Жоба авторы жіберілген қателіктер үшін жауапқа тартылды", – деді Қайырбек Өскенбаев.

​Министрдің айтуынша, 2021 жылы жол компаниялары жол төсемін төгу және жасанды құрылыстарды салу жұмыстарын ғана жүргізді. Сонымен бірге жол төсемі құрамына өзгерістер енгізіліп, өткен жылдың қараша айында ғана мемлекеттік сараптама қорытындысы белгілі болды.

​"Жұмыстардың құнын түзету мәселесі құрылыс кезінде пайдаланылатын негізгі жол-құрылыс материалдарының құнын өзгертуді көздейтін FIDIC (халықаралық инженер-консультанттар федерациясы) ережелері бойынша келісім-шарт талаптарымен реттелген", – деп толықтырды министр.

​Сонымен қатар министр биыл автокөліктердің жүруін қамтамасыз ету және 2023 жылы жобаны толықтай аяқтау жоспарланып отырғанын атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу