Ал әкімдіктегілер қолдан келгенді жасап жатырмыз дейді. Кешке дейін барлық проблема реттелетініне сендірді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Қала тұрғыны Снежананың ыстық сусыз отырғанына 3 тәулік болған. Бірі жасқа толмаған, екіншісі балабақшаға баратын балаларымен қиын жағдайда қалғанын айтады. Құбырдан аққан тіршілік көзін сағаттап жылытуға мәжбүр. Тұрғын үйдегі жылу да мардымсыз көрінеді. Электронды пештің көмегімен амалдайды. Жауаптылардың бұған назар аудармай отырғанына өкпесі қара қазандай.
"Міне осымен үш тәулік болды. Ыстық су жоқ. Балалардың өздерін шомылдырып, киімдерін жуу үшін де суды жылытуға тура келеді. Ауылда тұрып жатқандаймыз. Әкімдіктегілер мәселеден хабардар ғой. Бірақ ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. КСК дағылар да үнсіз", - дейді қала тұрғыны Снежана Ю.
Жергілікті биліктегілер 9 желтоқсаннан бері ес жия алмай жатыр. Шаhардың басым бөлігінде су жүйесін қалыпқа келтіргенімен, 8 үйдің ыстық су жүйесі қатып қалған болатын. Кеше түнде бәрін ретке келтіргендерін айтады. Әуелі еш мәселе жоқ деді. Кейін осылай деп ақталды.
"Кеше сол қалған 8 үйді жылыттық. Қазір толықтай қосылды. Молдағалиева 28 үй бойынша кеше біз оны жылытқанбыз. Түнде қайта тұру жағдайы болды. Қазір апаттық бригада сонымен айналысып жатыр. Түнге дейін болса да, бүгін реттейміз бәрін", - дейді қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Қайрат Хабиев.
Мұнайлы өңірде ауа температурасы 15 градус 0 ден төмен. Десе де бүгін қаладағы мектептер онлайн форматтағы оқуға ауысты. Үйден білім алып жатқандардың арасында Айымгүл Таханованың да балалары бар.
"Егер басқа өңірлердегі аяз сияқты болса, онда әрине балалардың үйден оқығаны дұрыс. Бірақ дәл қазір оны құптамаймын. Үйдегі білім мектептегідей болмайды. Жауаптылар білім ұйымдарын қазірдің өзінде жылыта алмай отырғаны ма, түсінбедім. Бірақ өзім қарсымын", - деді қала тұрғыны Айымгүл Таханова.
Алғашқы аязға дайын болмай, жұртты жылусыз, сусыз қалдырған әкімдерді президенттің өзі сынға алған еді. Үкімет мүшелерінің жылыту маусымына дайындық кезінде олқылық жібергендеріне көңілі толмады. Шенділерге міндет те жүктеді. Ең бастысы ондаған жылдар бойы қордаланған инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымды шұғыл жаңғырту қажеттігін ескертті.