Атырау облыстық Перинаталдық орталығының дәрігерлері жүкті әйелге күрделі ота сәтті жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ота бас дәрігердің орынбасары Меруерт Айдарханованың айтуынша, пациент жүктіліктің 38 аптасын өткеріп жүрген.
Оған "Жатырдағы екі тыртық. Плацентаның жатырдағы тыртыққа енуі" диагнозы қойылған.
– Ота кезінде жұлынға кешенді эпидуральды анестезия енгізілді. Жүкті әйел ота кезінде ояу болды. Ота автогемотрансфузия аппараты мен лапаротомиялық ультрадыбыстық скальпель құрылғысымен жасалды. Әйелдің репродуктивтік органдары (метропластика) сақталды. Бұл жолы ана мен бала өмірін сақтап қалу үшін кешенді ем қолданып, жаңаша әдіс таңдап алынды. Себебі бұрынғы отадан қалған тыртық салдарынан кесарь тілігін жасау қауіпті еді, – дейді Меруерт Айдарханова.
Оның айтуына қарағанда, орталықта мұндай ота 2023 жылдан бері жасалады. Жақында аутогемотрансфузия аппараты мен ультрадыбыстық скальпель алынған.
– Ота кезінде пациенттен кеткен қан өзіне қайтадан құйылды. Соның нәтижесінде пациентке донорлық эритрацитарлық масса мүлдем құйылған жоқ. Ультрадыбыстық скальпельді қолдану арқылы плацентаның тыртыққа енген бөлігіне коагуляция жасалып, алынып тасталды. Бұл әдіс қан кетуді азайтады. Олар дәрігерердің бақылауына алынды, – деп мәлім етті Меруерт Айдарханова.
Дәрігердің айтуынша, мұндай отаның құны 1 млн теңге тұрады. Жүкті әйелге ота МӘМС жүйесімен тегін жасалған.