"Атырау-Дина Нұрпейісова" пойызы тамыз айында жүрмек

1779

Ол облыс орталығынан Құрманғазы ауданына қатынайды.  

"Атырау-Дина Нұрпейісова" пойызы тамыз айында жүрмек

Атыраудан облыстың ең шалғай орналасқан Құрманғазы ауданына қатынау мәселесі жуық арада шешілетін түрі бар. "Атырау-Дина Нұрпейісова" бағытындағы пойыз тамыз айында жүре бастауы мүмкін, деп жазды inbusiness тілшісі.

"Қазір облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тиісті жұмыстарға кірісті. 13 шілдеде "Атырау-Аққыстау-Құрманғазы-Дина Нұрпейісова" бағытында теміржол көлігі арқылы жолаушылар тасымалын ұйымдастыру үшін ашық конкурс жарияланды. Конкурсқа қатысып, тасымалдаушы болғысы келетін 5 мекеменің құжаттары қабылданды. Қолданыстағы заңдарға сай, конкурстық комиссияның отырысы өтіп, жеңімпаз анықталып, хаттама толтырылады. Содан кейін барып басқармамен мердігер мекеме арасында келісім-шарт жасақталады", - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен. 

Айта кетейік, Ресеймен шекаралас ауданға тұрғындардың барып-келуі, әсіресе, облыс "қызыл аймаққа" еніп, такси жұмысына шектеулер қойылғалы үлкен проблемаға айналған. Атыраудан Астраханға қатынайтын пойыз карантинге байланысты тоқтап, екі ортадағы жол жөнделіп жатқандықтан ресми автобус шығару мүмкін болмады. Ал арнайы пойыз шығару жайы сәуір айынан бастап айтылып келе жатқан.

Қазіргі күні Құрманғазы ауданына бармақ болғандар таңертеңмен "Дина" базарының ішінде көлік кезегіне тұрып, алтын уақыттарын сарп етіп жүр. Аудан орталығына барған такси жүргізушілері кері қайтатын адам болмаған кезде сол жақта қалып қоятынындықтан қатынау құны 3500 теңгеден 5000 теңгеге дейін өскен.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу