Атырау емханалары онлайн емдеуге көшті

1013

Бұл уақытша шара ретінде қарастырылып отыр. 

Атырау емханалары онлайн емдеуге көшті

Атырау облысының емханалары науқастарды жоспарлы қабылдауды тоқтатты. Жоспарлы қабылдаудың қатарына скринингтер, медициналық тексерулер,  дәрігерлердің профилактикалық тексерулері жатқызылады, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Бұл шектеу 16 тамыздан бастап енгізілді және оған өңірдегі тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға себеп болып отыр. Пациенттерді жоспарлы қабылдауды алғашқы медициналық-санитарлық көмектің барлық нысандары, яғни емханалар, отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар уақытша тоқтатып отыр. Емханаларда түрлі дәрігерлік тексерулермен қатар, күндізгі стационарлар да әзірге жабық. Ал жеке клиникалар өзгеріссіз жұмыс істеуде. 

"Тұрғындар учаскелік емхананың тіркеу бөліміне хабарласып, медициналық мамандардан онлайн-форматта кеңес ала алады. Шұғыл дәрігерге жүгіну шақыртуларын қабылдау жалғасуда. Емханалардағы  егу пункттері демалыссыз жұмыс істейді", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен. Дегенмен, тұрғындар тарапынан жаңа шектеуді "бас ал десе шаш алу" ретінде қабылдап отырғандар да бар. 

Сонымен қатар, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов вакцинация мәселелері бойынша кеңес өткізіп, онда вакцинация жұмыстары жеке бақылауында болатынын атап көрсетті.

"Соңғы он күндікте вакцинация динамикасы жақсарғанына қарамастан, аудандарда вакцинациялау бойынша көрсеткіш төмен. Атап айтқанда, Жылыой ауданында халықтың 19,5%-ы, Мақат ауданында 28,2% - ы, Исатай ауданында 36,2%-ы, Қызылқоға ауданында 36,5%-ы егілді. Ахуалды тікелей бақылауымда ұстаймын, - деді аймақ басшысы.

Ол аудан әкімдеріне тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, вакцинациядан бас тарту себептерін анықтауды тапсырып, "егер адамдардан айырылғымыз келмесе және әдеттегі өмір ырғағына оралуды қаласақ, мүмкіндігінше көп адамның екпе алуы керектігін" қадап айтты. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу