Қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің хабарлауынша, 2004 жылы туған жас жігіттер кезекпен шақырылып жатыр. Тіркеу процедурасы міндетті болып табылады.
Азаматтарды шақыру учаскелеріне тіркеу жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Тіркеу науқаны ҚР "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңына сәйкес қаңтардан наурызға дейін өтеді. Осы уақыт ішінде бозбалалар әскери қызметке жарамдылығын растайтын медициналық тексерістен өтіп, оларға қатысты қажетті құжаттар тексерілетін болады.
"Қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерде әскери есепке тұруға бірінші рет келген азаматтармен Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсу және келісімшарт бойынша әскери қызметтің мүмкіндіктері туралы ақпарат түсіндіріледі. Барлығы Атырау облысы бойынша 4 мыңға жуық адамды әскери есепке тіркеу жоспарланып отыр", - деді қорғаныс істері жөніндегі бірлескен басқарама бастығының орынбасары - жұмылдыру бөлімінің бастығы майор Берік Жанысбеков.