Атырау қаласы әкімдігі жергілікті кәсіпкерге жер телімін беруден бас тартты

729

Атырау облысы бойынша бизнес-омбудсмен Сәрсенбай Жолдыбаев Атырау қаласы әкімдігі жер заңнамасының талаптарына тікелей қайшы әрекет жасап отыр дейді.

Атырау қаласы әкімдігі жергілікті кәсіпкерге жер телімін беруден бас тартты

Атырауда кәсіпкерлер тағы да әкімшілік кедергілерге ұрынып отыр. Мәселен, "Project Stroy Group" ЖШС қалада салып бастаған "Бруклин" тұрғын үй кешенінің құрылысын тоқтатып қоюға мәжбүр. Өйткені Атырау қаласының әкімдігі оларға құрылыс нысанына іргелес аумақты абаттандыру, көгалдандыру және автотұрақ үшін жер телімдерін беруден бас тартып отыр. Кейін бұл жердің басқа бір кәсіпкерге тиесілі екені анықталған. Бұл мәселе ЖШС арызы бойынша Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының кезекті отырысында қаралды. Оған жергілікті атқарушы органдарының және құқыққорғау органдарының өкілдері қатысты.

"Project Stroy Group" ЖШС Компания өкілі Нұрбек Садықовтың айтуынша, Атырау қалалық әкімдігі абаттандыру, көгалдандыру мақсатында жер телімін беруден бас тартып, сұралған жер телімінің нобайлық жобасын келісу үшін қалалық сәулет және қала құрылысына жібереді. 2022 жылдың 11 ақпанында нобайлық жобасы бекітіледі. Алдын ала нобайлық жоба мен сәулет-жоспарлау тапсырмасын алғаннан кейін жобалық-сметалық құжаттаманы бекітіп, көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастайды.

Алайда, кейін абаттандыру, көгалдандыру және кіреберіс жол үшін бұл жер телімі Атырау қаласы әкімінің 2022 жылғы 22 ақпандағы шешімімен басқа кәсіпкерге жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін берілгені анықталды.

Кәсіпкерлер палатасының отырысында Атырау қаласының әкімдігі 2021 жылдан бастап қала әкімінің өкімімен коммерциялық мақсатта салынып жатқан нысандардың іргелес аумағын абаттандыру, көгалдандыру және автотұрақ үшін жер телімдерін беруді тоқтатқаны белгілі болды. Атырау облысы бойынша бизнес-омбудсмен, Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев Атырау қаласы әкімдігінің бұл әрекеттері Қазақстан Республикасының жер заңнамасының талаптарына тікелей қайшы келеді және азаматтардың құқықтарын шектейді деп есептейді.

- Абаттандыру, көгалдандыру және көлік қоюға арналған жер телімдері жалпыға бірдей ортақ пайдалануға арналған. Атырау қаласының әкімдігі сол жалға берілетін жерлердің жалдау шартын бұза отырып, жерлерді заңсыз қоршап алу, оған заңсыз құрылыс салу, тосқауылдар (шлагбаумдар) орнатылуымен жер телімдерін беруден бас тартып отыр.

Сонымен қатар, мұндай жерлерді беру мәселесін қарау үшін жергілікті атқарушы органдары алдын ала нобайлық жобаны (эскизный проект) талап етеді. Ол сонымен қатар алдын ала бекітілуі керек. Жергілікті атқарушы органның автотұрақ, абаттандыру және көгалдандыру үшін жер учаскесін беру туралы шешімінің өзі қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бұйрығы түрінде рәсімделеді, – дейді Жолдыбаев.

Еске салсақ, Жер Кодексінің 48-бабы, 1-5) тармақтарына сәйкес, жеке және заңды тұлғаларға оларға меншік құқығымен және (немесе) өзге де заттай құқықпен тиесілі үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) пайдалану және ұстау үшін, оның ішінде іргелес аумақтағы үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес кеңейту және реконструкциялау үшін жер телімдері сауда-саттықсыз (аукционнан тыс) беріледі делінген.

Кеңес отырысында жергілікті атқару органдарының өкілдеріне заңсыздықты жою және оның алдын алуды тапсырды. 

Айнұр Сапарова

Фото: Айнұр Сапарова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу