Атырау қаласын "кезіп" жүрген төрт түліктің иелері жазаланды

921

Атырауда мал иелерінің төрт түлікті қараусыз қалдыруы азаяр емес. Кейде жайбарақат жайылып жүрген қой-ешкі немесе жылқы, түйе малын қаланың орталық көшелерінен де кездестіріп қалуың ғажап емес, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Атырау қаласын "кезіп" жүрген төрт түліктің иелері жазаланды

Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері облыс орталығында қараусыз жүрген 191 бас жылқы, 12 мүйізді ірі қара, 10 бас түйе, 12 мүйізді ірі қара, 6 бас ұсақ мал анықталған. Бұған дейін олар қаладағы "Арнайыавтобаза" ЖШС мекемесінің қоражайына жеткізіліп келді. Ал былтырдан бері оған қосымша Атырау-Орал трассасы бойынан "Адал" мал сою пунктінің қоражайы да уақытша иесіз малдарды қабылдауда. 

Белгілі болғандай, бұл мекемелер иесіз мал табылған жағдайда полицияға хабар беруге міндеттеледі. Сол бойынша, олардың иелері анықталып, жауапсыз тұлғаларға айыппұл салынады. Бір қызығы, төрт түлікті қаладағы гүлзарлар мен жасыл алаңқайларға жаюға болмайтынынан хабарсыз тұрғындар да кездесіп жатады екен.

Сондай-ақ қараусыз қалған мал кейде оқыс жайларға да ұшырап жатады. Осы сенбі күні Құлсары қаласында футбол алаңының шарбағына қыстырылып қалған жылқы қалалық №2 мамандырылған өрт сөндіру бөлімінің көмегімен шығарып алынған. Жануардың кімге тиесілі екені әзірге анықталмапты. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу