Атырау карантинге жабылды

1213

Қазіргі таңда қалада коронавирус жұқтырған алты адам анықталды.

Атырау карантинге жабылды

Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылдың 29-наурыздағы №8 Қаулысына сәйкес 2020 жылдың 30 наурызы сағат 00.00-ден бастап Атырау қаласы аумағына карантин жарияланады. 

Қала әкімі Қайрат Оразбаев: "Құрметті атыраулықтар! Коронавирустың таралуына қатысты қазіргі жағдайды ескере отырып, ертең Атырау қаласына кіруге және одан шығуға, сонымен қатар қоғамдық көліктерде жұмыс уақытына шектеулер қойылады. Қызмет көрсету секторының қызметі (сұлулық салондары, моншалар және т.б.) Жабық құрылыс базарлары, сауда орталықтары мен маңызды тауарларға қатысы жоқ сауда нүктелері, тауарларды жеткізу арқылы сату мүмкіндігін сақтай отырып қызметін тоқтатады. Балабақшалардың жұмысы тоқтатылады.  Азық-түлік базарлары мен дүкендер, дәріханалар жұмыс істейді. Коммуналдық қызметтер, жөндеу қызметтері, тазалау және зарарсыздандыру қызметтері шектеусіз жұмыс істейді. Барлық жұмыстарды облыстық штаб үйлестіреді, әкімдіктер онлайн режимінде қол жетімді", – деген хабарлама таратты.

Бүгінгі күні Атырауда індет жұқтырғандар саны алты адамға жетті. Олардың барлығы екінші облыстық ауруханада емделуде. Бесінші анықталған науқас қалалық үшінші емхананың қызметкері болған, онымен байланыс жасаған 27 адам түгел оқшауланды. Алтыншы болып анықталған науқастың 17 наурызда Алматы қаласының рейсінен түскен студент екендігі белгілі болып отыр.

Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі, шаһарда төтенше жағдайға байланысты нан тапшылығы болмайды деп сендіріп отыр. Қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің хабарламасына сәйкес, бүгінде Атырауда күнделікті 40 мың нан пісіріліп, 8 наубайхана жұмыс жасауда. 

Бүгінде  облыс көлемінде 824 тонна ұн бар, оның ішінде 520 тонна тұрақтандыру қорында.  Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде жағдайды тұрақтандыру үшін жергілікті билік қосымша 17 115 тонна ұн сатып алуды жоспарлап отыр. 

Бұған дейінгі "нан пісірілу тоқтатылады, наубайханалар жұмыс жасамайды" деген ақпараттың шындыққа жанаспайтыны анықталған, мұндай жалған ақпарат таратушылар заң бойынша жауапкершілікке тартылмақ.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу