Атырау облысы бойынша "Ashyq" пилоттық жобасы аясында QR-код алған алғашқы бизнес нысаны пайда болды. Ол - "Infinity Fitness" фитнес орталығы, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
"Мен Алматыдағы әріптестеріммен сөйлесіп, олардың "Ashyq" қосымшасы арқылы кез-келген локдаун жағдайында да жұмыс істеуге мүмкіндік алып отырғанын білдім. Сөйтіп, оған қосылу жөнінде ұсыныс бердім. Бір жағынан, бұл - біздің клиенттеріміз бен қызметкерлеріміздің қауіпсіздігі үшін де керек емес пе?!", - дейді фитнес орталығының меңгерушісі Динара Чалиева.
Айта кетейік, қосымша ПЦР мәліметтер базасында оң көрсеткішпен тұрған адам, яғни короновирус жұқтырған адам жақындағанда "қызыл" белгі көрсетеді, демек, мекеме бұл клиентті кіргізуден бас тартып, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді деген сөз. Ал "көк" немесе "жасыл" түс жанса - келушілерге кіруге рұқсат етілмек. Бұдан бөлек, қолында ұялы телефоны жоқ клиенттің денсаулық жағдайын басқа құрылғыдан оның жеке сәйкестендіру нөмірін теру арқылы білуге болады. Мұндай кезде де тек қана аталған түстердің біреуі жанып, белгі береді, ол кісі жайлы басқа ақпарат көрсетілмейді.
"Жобаның басты артықшылығы – кәсіпкерлік нысандарының толықтай жабылып қалмай, карантиндегі шектеу шаралары кезінде жұмысын жалғастыруға жол ашатыны. Атырау облысында пандемия салдарынан 18 мыңға жуық кәсіпкер зардап шекті. Жаңа жүйенің арқасында әлі күнге жабық тұрған екі жүздей бизнес субъект ашылады деп болжап отырмыз", - дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идресов.
Қазіргі күні аталған фитнес клубтан басқа, екі кәсіпкердің QR-код алғанын, тағы екеуінің ұсыныс беріп, күтіп отырғанын білдік. Әзірге облыс көлемінде "Ashyq" қосымшасы тестілеуден өтіп жатыр. Жоба осы айдың соңында еліміз бойынша түгел енгізілмек.
Құралай Қуатова