Атырау мұнай өңдеу зауытының технологиялық қондырғылары іске қосылып, жанар-жағармай өнімдерін шығару ісі қайта жанданды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі "Атырау МӨЗ" ЖШС-нің қоғаммен байланыс бөліміне сілтеме жасап.
Зауыт кеше, 6 шілдеде жұмыс істей бастаған. Зауытта баяу кокстеу қондырғысынан басқа желілер штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
"Баяу кокстеу қондырғысында апатты тоқтау салдарынан бітеліп қалған жабдықты тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл қондырғы шикі кокс өндіруге арналған. Мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін шығару көлеміне әсер етпейді. Аталған қондырғыны іске қосу 9 шілдеге жоспарланып отыр", - делінген хабарламада.
Қазір Атырау мұнай өңдеу зауытының резервуарларындағы қор есебінен әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерін жөнелту жалғасып жатыр. Мәселен, 1-6 шілде аралығында тұтынушыларға 24 мың тонна АИ-92 бензинін, 9 мың тонна АИ-95 жанармайын, 40 мың тонна дизель отынын, 3 мың тонна әуе отынын жөнелткен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын электр қуатының жоқтығынан Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатқанын хабарлаған едік.