Атырау мұнай өңдеу зауытында автобензин айдауға арналған жерасты құбырының ақаулы бөлігі толығымен қалпына келтірілді. Бұл туралы зауыттың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Зауыт өкілдеріні ақпаратынша, Атырау мұнай өңдеу зауытында автобензин айдауға арналған жерасты құбырының ақаулы бөлігі толығымен қалпына келтіріліп, отынның ағып кетуі жойылды.
Бұған дейін №33 резервуар паркіне тауарлық бензин компоненттерін айдау желісінде зақымдану анықталған болатын. Жауапты мамандар құбырды резервуардан ажырату шараларын қабылдады.
"Оқиғаның себептері мен қабылданған шаралар туралы қосымша ақпарат арнайы комиссияның жұмысы аяқталғаннан кейін хабарланады. "АМӨЗ" ЖШС жұмысын штаттық режимде жалғастыруда. Мұнай өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру және жөнелту процесі Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі бекіткен жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.