Атырау мұнай өңдеу зауыты күрделі жөндеу жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтады. Кәсіпорынның, сондай-ақ, мердігерлік ұйымдардың және жөндеу қызметтерінің жедел әрекетінің нәтижесінде жоспарланған жұмыстар кестеден жеті тәулік бұрын тәмамдалды, деп хабарлайды atpress.kz.
Биылғы күрделі жөндеу жұмыстарының өткен жолғыдан бір ерекшелігі жөндеу зауыттың барлық қондырғыларында бір уақытта және алдағы уақытта зауыттың ұзартылған (үш жыл) жөндеуаралық жұмыс кезеңіне көшуіне байланысты болды. Ағымдағы күрделі жөндеуге қондырғыларды дайындау – белгіленген жұмыс үрдістеріне сәйкес және өнеркәсіп пен экологиялық қауіпсіздіктің қолданыстағы барлық нормалары мен ережелерінің қатаң қадағалануымен орындалды.
Бензиндерді және дизель отынын сутекпен тазарту, изомерлеу, сутекті шығару және тазарту, күкірт шығару технологиялық қондырғыларын күрделі жөндеу кезінде, катализаторлар мен адсорбенттер ауыстырылған. Сондай-ақ, тозығы жеткен сорғы – компрессор жабдықтарын алмастыру және жөндеу бойынша ауқымды істер атқарылыпты.
Ал, "Мұнайды терең өңдеу кешені" жобасы бойынша қолданыстағы құбырлар мен алау коллекторларына 17 технологиялық ойым жүзеге асырылған. Бұл - Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғыртудың үшінші соңғы кезеңінде кешен қондырғысын пайдалануға қосымша тоқталусыз жүргізуге мүмкіндік береді.
2017 жылдың 18 қыркүйегінен бастап зауытта шикізатты бастапқы өңдеу қондырғыларына беру және дайын тауарлы өнім шығару арқылы іске қосу жұмыстары өтеді. Қайталама процестегі қондырғыларды жұмыс режиміне қосу және жіберу технологиялық регламентке сәйкес жүзеге асырылады деп күтілуде.
"Күрделі жөндеу кезінде өткізілген шаралар қолданыстағы қондырғыларда пайдалы әсер коэффицентін барынша арттыруға, сондай-ақ, қыркүйек айындағы мұнай өңдеуді өндірістік жоспарға сәйкес қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - дейді зауыттың өкілдері.