Атырау мұнай өңдеу зауыты өнімдерін жаңа логистикалық жүйе- "Промышленная" стансасы арқылы аттандырды, деп хабарлайды Вnews.kz.
2017 жылдың 1 тамызынан бастап "Атырау МӨЗ" ЖШС барлық шығаратын өнімдерін жаңа логистикалық кестемен: АМӨЗ- жаңа "Промышленная" стансасы - магистарлды Теңдік стансасы арқылы жөнелтетін болады.
"Промышленная" стансасы "МТӨК құрылысы (Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені)" жобасы аясында және Атырау МӨЗ көлік инфрақұрылымын дамыту жобасымен салынған.
Жаңа айналма теміржолдың іске қосылуы (оңтүстік-шығыс бағытымен)- Атырау өңірі үшін маңызды оқиға. Бүгінге дейін зауыт шығарылатын өнімдерін қала маңындағы "Ақжайық" стансасы арқылы тасымылдап келген еді.
Зауытқа кіретін мұнай және шығатын мұнай өнімдері тиелген теміржол вагондары тұрғын үйлер шоғырланған қала ішімен жүргенде түрлі қауіпті күшейтіп, автокөлік қозғалысына да айтарлықтай кедергі келтіретін.
Жаңа іске қосылған нысан - инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай станса болып саналады.
Сондай-ақ, қаладан қашық орналасқан алаңда қосымша булап жуатын станса мен ашық мұнай өнімдерін тактылы (герметикалық) құятын эстакада құрылысы аяқталуда.
Айналма жол тұрғын үйлер шоғырланған аумақтан алшақ орналасқан, 11 жол айырығын (әрқайсысының ара қашықтығы 1 шақырым) және Атырау теміржол бөлімшесінің Теңдік стансасынан Промышленная стансасына дейін жалпы қашықтығы 14 шақырым болатын тораптық және кірме теміржолды құрайды.
Жаңа стансаның жүк айналымы жобада көзделгендей бұрынғыдан бір жарым есеге артып, тәулігіне 300 вагонды өткізуді қамтамасыз етеді. Тәулігіне орта есеппен 17,5 мың тонна өнімді аттандыруға мүмкіндігі бар. Бұл Атырау мұнай өңдеу зауытында соңғы жаңғыртудан кейін жылына өңделетін 5,5 млн. тонна мұнай өнімдерін тасымалдауды қамтамасыз етуге кепіл. Атап өткен жөн, жоба әуел бастан жергілікті экологиялық ахуалды оңалтуға бағытталған.