Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты тексерістің мерзімі ұзартылды

199

Жоспардан тыс тексеріске тұрғындардың шағымдары мен мониторинг деректері себеп болған еді.    

Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты тексерістің мерзімі ұзартылды Фото: anpz.kz

Шағымданушылар зауыт маңындағы елді мекендерде атмосфералық ауаның ластану деңгейінің шекті мөлшерден асып кеткенін дәлелдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Тексеріс 29 қаңтарда басталып, бастапқыда 11 ақпанда аяқталуы тиіс болған. Енді ол тағы 10 жұмыс күніне ұзартылды.

Облыстық экология департаментінің хабарлауынша, бұл кәсіпорында ықтимал бірнеше шығарындылар көзі бар екендігіне байланысты.

Тексеру күкіртсутек, көміртек тотығы және басқа да зиянды заттар шекті деңгейден асуы мүмкін деген деректер бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл көрсеткіштер зауытқа жақын орналасқан елді мекендерде анықталған.

Күшейтілген бақылауға тұрғындардың шағымдары себеп болды. 25 қаңтарда Алғабас ауылындағы "Сая" бау-бақша қоғамының мүшелері өткір жағымсыз иіс туралы хабарлап, жедел қызметтерге жүгінген. Осыдан кейін атмосфералық ауаның сапасына мониторинг жасалды.

Экология департаментінің мәліметінше, шекті деңгейден асу жағдайлары Мирный, Водник аудандарында және "Сасықсай" булану алаңдарында тіркелген. Бұл нүктелерде күкіртсутек пен көміртек тотығы бойынша нормадан артық көрсеткіштер анықталды.

"Қазгидромет" РМК Атырау облыстық филиалының деректеріне сәйкес, 19-25 қаңтар аралығында Атырау мұнай өңдеу зауыты маңындағы күкіртсутек концентрациясы шекті деңгейден 36,3 есеге дейін асып кеткен. Қала маңындағы Тасқала (Алғабас) ауылында бұл көрсеткіш 17,5 есе, зауытқа іргелес аумақта – 15 есе, ал Химпосёлок ауданында – 36,3 есе болған.

25 қаңтарда Атырау мұнай өңдеу зауытының өз зертханасы атмосфералық ауадағы зиянды заттардың шекті деңгейден асуын тіркемеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу