25 тамызда сағат 12:55-те "112" пультіне Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағында түтін шыққаны туралы хабарлама келіп түсті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Стратегиялық нысанның ерекшелігі ескеріле отырып, ТЖМ күштері мен құралдары жоғары шақыру дәрежесі бойынша оқиға орнына дереу жіберілді.
Өртті сөндіруге ТЖМ, "Семсер өрт сөндіруші", АТМА әуежайы және NCOC компаниясының өрт сөндіру-құтқару қызметінен шамамен 65 адам мен 19 бірлік техника жұмылдырылды. Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп, тартылған барлық күштер мен құралдардың іс-қимылын үйлестіру ұйымдастырылды.

"Қызыл жалын 13:42-де оқшауланып, оттың одан әрі таралуына жол берілмеді. Қазіргі уақытта өрт толығымен сөндірілді. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр", – деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі.