Атырау облысы бойынша экология департаменті "Теңізшевройл" ЖШс келтірген залалдарды өндіріп алу үшін Нұр-Сұлтан қаласының сотына шағымдануға мәжбүр болған. Қазіргі күні 726 451 860 теңге мемлекет пайдасына өндірілді, - деп жазды inbusiness тілшісі.
Белгілі болғандай, бұған дейін "Теңізшевройл" ЖШС-не барып, экологиялық заңнаманың сақталуын бақылап, жоспардан тыс тексерген Атырау облысы бойынша экология департаменті компанияның қоршаған ортаға ластаушы заттар шығарғанын, оның ішінде алау қондырғыларында газ жағу салдарынан нормативтен тыс эмиссиялар жүзеге асырылғанын анықтайды. Осыған байланысты, департамент "Теңізшевройл" ЖШС-не Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзу нәтижесінде келтірілген залалдарды өтеу туралы 145 988 808 теңге, 60 985 880 теңге және 519 477 172 теңге көлемінде нұсқамалар берген. Алайда кәсіпорын бұл нұсқамаларды ерікті түрде орындамағандықтан, экология департаменті Нұр-Сұлтан қаласының сотына "Теңізшевройл" ЖШС-нен мемлекет кірісіне залалдарды өндіріп алу туралы талап арызбен жүгінеді.
Әрі қарай Нұр-Сұлтан қаласы сотының 2020 жылғы 21 қазанындағы және 2 қарашасындағы шешімдерімен департаменттің ТШО-ға қатысты талап арыздары қанағаттандырылған. Бірақ, компания сот шешімімен келіспей, аталған нұсқамалар мен сот шешімдерінің күшін жойып, талап-арыздарды қанағаттандырудан бас тарту және жаңа шешімдерді қабылдау туралы апелляциялық шағым берді. ҚР Жоғарғы сотының мамандандырылған сот алқасы "Теңізшевройл" ЖШС-нің апелляциялық шағымдарын қанағаттандырудан бас тартты. Сот шешімдері заңды күшіне енді.
Осылайша, бүгінгі таңда жүргізілген жұмыс нәтижесінде Атырау облысы бойынша экология департаменті "Теңізшевройл" ЖШС-нен жалпы сомасы 726 451 860 теңге көлемінде жоғарыда аталған залалдарды мемлекет кірісіне өндіріп алды.
Құралай Қуатова