Атырау облыстық мәслихатында үш депутаттың өкілеттілігі тоқтатылды. Оның біреуі мәжіліске кетсе, біреуі өз еркімен мандатын тапсырған, тағы бірі жемқорлық бабымен жауапқа тартылып отыр, – деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Әр жылдары Қызылқоға, Исатай, Махамбет аудандарынан сайланып, 14 жыл халық қалаулысы атанған Әділ Жұбанов депутаттық өкілеттілігінің өз еркімен тоқтағанын әлеуметтік желі арқылы жария етті. "Облыстық мәслихат жанындағы бюджет, қаржы және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі, сондай-ақ әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиялар құрамында өңір үшін қажетті, ұзақ мерзімді инвестициялық және әлеуметтік жобалардың қабылдануы, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы бойынша қажетті жұмыстарды жүргіздім... Облыстың дамуына сәл де болса үлес қосу – бұл менің азаматтық борышым. Менің Атырау облыстық мәслихатындағы депутаттық өкілеттілігім аяқталғанмен, қоғамдық қызметім жалғаса бермек",– деп мәлімдеді Әділ Орынбасарұлы.
Ал Нұрлыбек Ожаев Мәжіліс депутаты атанды. Айта кетейік, бұған дейін мұнайлы өңірден мәжіліс депутаттығына өңірден Сәлімжан Нақпаев пен Дүйсенбай Тұрғанов та сайланған және олардың үшеуі де әр кезеңдері қала әкімі қызметін атқарғанымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты Абзал-Сенбі Самаликовқа Мақат стансасындағы теміржол вагондарынан жанар-жағар май ұрлады деген айып тағылып отыр. Іс барысында онымен бірге жалпы саны 22 адам тергелуде. Тергеу мәліметінше, олар былтырғы маусым-қазан айларында 20 млн теңге болатын 120 тонна жанар-жағар май ұрлаған болуы мүмкін.
Құралай Қуатова