Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы күдікті облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты бұлтартпау шарасын үйқамақтан қамауда ұстауға ауыстырды, деп хабарлайды Inbusiness.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен прокурордың өтінішхаты бойынша Атырау мамандандырылған тергеу сотының 2021 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысымен қабылданған үйқамақ түрі жойылды Б. Хаменоваға қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды", – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұған дейін белгілі болғандай, Хаменова мен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы жеке компаниялардың бірінің басшысынан 4,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. Тергеу соты Хаменованы жалғыз басты әйел, жалғыз өзі екі жас баланы тәрбиелеп отырғанын, асырауында қарт анасының бар екенін ескеріп, үйқамаққа алған болатын.
Айта кетейік, Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалғанға дейін "Нұр Отан" партиясынан парламент мәжілісінің депутаты болған.