Атырау облысы әкімінің тағы бір орынбасары күдікке ілінді

1200

"Бюджет қаражатын ысырап етті".

Атырау облысы әкімінің тағы бір орынбасары күдікке ілінді

Атырау облысы әкімінің тағы бір орынбасары дауға ілікті. Дегенмен бұл оның бұған дейінгі қызметі кезінде жіберген кемшілікке байланысты, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Белгілі болғандай, Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев прокурордың 2021 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған. Шенеунікке 83,7 млн теңге көлеміндегі инвестициялық субсидияларды "Бұйырғын" ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне заңсыз төлеу фактісі бойынша бюджет қаражатын ысырап етті деген айып тағылып отыр.

Бұл жайға байланысты облысы әкімінің баспасөз қызметі түсінік берді. Онда "Қ.Нұрлыбаев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарып тұрған кезде (аталған лауазымға 2019 жылғы 5 маусымда тағайындалған), яғни 2019 жылдың 26 маусымы мен 4 желтоқсаны аралығында инвестициялық субсидиялау келісімшартын жасау және инвестициялық субсидияларды төлеуді іске асырған. Бүгінгі күнге "Бұйырғын" кооперативі 83,7 млн теңге көлеміндегі борышты толықтай орнына келтірді" деп жазылған. 

Қайрат Нұрлыбаев облыс әкімінің орынбасары лауазымына 2021 жылдың қаңтар айында тағайындалған болатын. Ал 2020 жылдың соңында ол ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы ретінде БАҚ брифингінде "Биылғы он айда облыс шаруашылықтары 216 млн теңгенің субсидиясын алды, жыл соңына дейін шаруагерлерге берілетін субсидияның көлемі 260 млн теңгені құрайды" деп мәлімдеген еді.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу