Атырау облысы шығаратын өнімінің көлемі жағынан алға шықты

790

Өңірде жұмыс істеп тұрған елу мыңға жуық кәсіпкерлік нысан бар.

Атырау облысы шығаратын өнімінің көлемі жағынан алға шықты

Атырау аймағында пандемия жағдайына қарамастан, шағын және орта кәсіпкерлік нысандары шығарған өнім көлемі 25,5 пайызға өскен. Бұл жағынан мұнайлы өңір еліміз бойынша көш бастап тұрғандардың қатарында.

Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық басқарма басшысы Айқын Елеусізов келтірген деректерге сүйенсек, бүгінгі күні елу мыңға жуық кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп тұр, 138 мыңдай адам жұмыспен қамтылған.

Былтыр "Бизнестің жол картасы–2020" бағдарламасы аясында 1646 кәсіпкердің жобасы қолдау тауып, нәтижесінде 6697 жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, он төрт жас кәсіпкер, негізінен транспорттық қызмет, жүк тасымалдау, өндіріс бағытындағы жобалар бойынша грант иеленген. Сонымен қатар, облыс бизнеске сервистік қолдау көрсетілу жағынан да оң көрсеткіштерге ие екен.

"Облысқа қарасты жеті аудан орталығында кәсіпкерлікке қолдау көрсету орталықтары жұмыс істеп тұр. Былтыр олар үш мыңға жуық кәсіпкер мен жеке кәсібін ашуға ниеттенген 6553 адамға кеңес берді. Қазіргі уақытта бухгалтерлік және салық есептері, кәсіпкерлердің өтінімдерін сүймелдеу, заң мәселелері, маркетинг, мемлекеттік сатып алу, ұлттық компаниялар мен кен өндірушілердің сатып алуларындағы мәселелер бойынша бизнеске сервистік қолдау көрсетудеміз", – деп мәлімдеді облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Абдолла Идресов.

Атырауда жыл басынан бері 164 шағын және орта кәсіпкерлік иесіне 173 қызмет түрі бойынша сервистік қолдау көрсетілген. Карантин тәртібі орнағалы сервистік қызметтер онлайн желісінде күрт дамып келеді. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келгендер арасында да интернет арқылы ақыл-кеңестер алғандар саны айтарлықтай өскен.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу