Атырау облысына "Нысана" зымыранының бір бөлігі құлады. Желі қолданушылары зымыранның сынған бөлігінің суретін жариялаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірдің ТЖД-ға сілтеме жасап.
Атырау облысы ТЖД жедел кезекшісі мәлім еткендей, "Нысана" зымыранының 7-8 метрлік бір бөлігі 23 тамыздан 24 тамызға қараған түні Құрманғазы ауданына қарасты Құрманғазы елді мекенінен 20 шақырым жерде құлаған.
"Зымыран бөлігі құлағаннан кейін сол жердің құрғақ шөбі өртене бастаған. ТЖД қызметкерлері оны ауыздықтап үлгерді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Радиациялық аясы нормасынан асқан жоқ", - деп мәлім етті өңірдің төтенше жағдайлар департаментінің өкілі.
Оқиға орнында арнайы жасақталған комиссия жұмыс жасап жатыр. Арнайы мамандар зымыранның бөлігі табылған жерді қоршауға алды.