Атырау облысында 14 мың адам екі қолға бір күрек таппай жүр

828

Нәпақасы болмаса да, азаматтар арнайы жәрмеңкелерде ұсынылған қызметке бармайды.

Атырау облысында 14 мың адам екі қолға бір күрек таппай жүр Фото: inbusiness.kz

Компаниялар бекіткен жалақыға күн көру мүмкін емес дейді. Ал статистика департаментіндегілер мұнайлы өңірдегі орташа жалақы көлемі 573 мың теңгеден асады дейді. Бірақ бұл қара жұмыс істейтіндерге сезілмейді де.

Облыста көбіне инженерлік мамандықтар мен аспаз, күзетші, тігінші мен қоймашы сынды қара жұмысшылар ауадай қажет. Бірақ  мұндай вакансия ұсынатын компаниялардың беретін еңбекақысы мардымсыз. Кейбірі тіпті 80 мыңнан да аспайды. Сол себепті басқармалар ұйымдастыратын жәрмеңкелердің тұрғындарға пайдасы шамалы.

"Біреуінде болғанмын, оның зарплатасы тым төмен. 80-85 мыңдай. Онымен өмір сүру қиын ғой. 4 балам бар, жолдасым дегендей. Мысалы 250-300 мың болса, жасайын деп тұрмын.Бірақ мында ондай жоқ", - дейді тұрғын Сапарнияз Мәмбетов.

Жұмыспен қамту орталығындағылар жылына 20 дан астам жәрмеңке ұйымдастырады. Ұсынылған ваканттық орындардың 80 пайызы міндетті тұрде жабылады дегенге сендірді. Бірақ одан жұмыссыздардың саны азаяр емес.

"Күні бүгінге дейін 25 жәрмеңке өтті. 4300 дей тұрғындарымыз қатысты күні бүгінге дейін. Енді біздің соңғы есебімізге сәйкес 2585 адамды бізден облысымызда тұрақты жұмысқа орналастырдық", - дейді Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.

Статистика департаментіндегілердің ақпаратына сенсек , мұнайлы өңірдегі жұрттың жағдайы тіптен жақсы. Қазір облыстағы орташа айлық жалақы мөлшері 573 мың теңгеден асады. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 13.2 пайызға өсіпті.

"Жалақының өсімі облыстың барлық ауданында байқалады. Айтарлықтай өсім Исатай ауданында 18.5, Қызылқоға ауданында 18 пайыз болып отыр. Аудандық бөліністе ең жоғарғы жалақы Жылыой ауданында 649 461 мың теңге", - дейді облыстық статистика департаментінің бөлім басшысы Марал Кульчиева.

Жарты миллион ірі мұнай компаниясында еңбек ететіндердің  қалтасына түсуі мүмкін.Бірақ өзгелері үшін мұндай соманы ұстау арман. Сол себепті тұрғындар облыста бизнесін дөңгелетіп отырған қай кәсіпкер не мекеме иесі болмасын, жалақы мөлшерін көтеруі тиіс дейді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу