Атырау облысында 20 мыңнан астам адам жұмыссыз

392

Жауапты басқарма өткен жылы 16 мыңға жуық, ал биыл 4912 адамды жұмысқа орналастарған.

Атырау облысында 20 мыңнан астам адам жұмыссыз Фото: tirshilik-tynysy.kz

Екі қолға бір күрек таппай жүргендердің дені қара жұмыс істеуге құлықсыз. Қазір қала тазалығына жауапты мекемеде жұмысшылардың 60 пайызы шетелдіктер. Арнаулы автобазада неге маман тапшы? 

Тазахан Сапарбаева 2004 жылы Қарақалпақстаннан келген. Соңғы 20 жылда қала тазалығын күзетіп, нәпақа табады. Жұмыстың ешбірін қиынсынбайды, еңбек демалысына шыға сала еліне тартады. Себебі немерлерін құшағына алуға асығады.   

"Сағынған уақытта барып келіп тұрамыз ғой. Басында қиын болды енді. Кейін үйреніп кеттік. Таңертең сағат 7 де шығамыз. Түскі 12:30 ға дейін жүреміз. Сосын 2 ден кешкі 6 ға дейін. Көшені жинау, сыпыру, балшықтарды қыру сынды жұмыстармен айналысамыз", - дейді Қарақалпақстан азаматы Тазахан Сапарбаева.

Шаhарда коммуналдық қызмет көрсететін мекеме мамандарының 60 пайызы шетелдіктер. Дені Өзбекстан мен Қарақалпақстаннан. Бірақ жергілікті тұрғындар бірең-сараң. Мұнайлы өңірдегілердің көбі қара жұмысқа жалақы аздығын сылтау етеді. 

"Сұраныс болғанымен, жастар кейбір жағдайда жұмыспен қамту орталығының мамандары ұсынған жұмыстардан бас тартады. Кейбір жағдайда келіспейді.Мысалы жұмыс беруші оған 130-150 мың тг ұсынса, со мамандық бойынша еңбекақы төмен деп бас тартады", - деп түсіндірді , Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиева.

Халықтың басым бөлігі мұнай компаниялары мен кеніштерде жұмыс істегісі келеді. Жоғары білім алған соң, көше тазалығымен айналысқанды жөн санамайды. 

Қазір еңбек биржасында 8 мыңнан астам бос жұмыс орны тұр. Статистика күн сайын құбылады. Коммуналдық қызметкерлер, дәнекерлеуші, құбыр монтажы мамандары ауадай қажет. Орташа жалақы 100 мың теңге. Жауапты басқарма өткен жылы 16 мыңға жуық, ал биыл 4912 адамды жұмысқа орналастарған. Соның өзінде жұмыссыздық мәселесі де, кадр тапшылығы да шешілер емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу