Жаңа жылыжай Махамбет ауданындағы Ақжайық ауылдық округінде орналасқан. Оның аумағы – 4 гектар. Жылына 1 600 тонна өнім жиналады.
"Атырау облысында бұрын-соңды болмаған жылыжай кешені ашылды. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын және орта бизнесті қолдау туралы тапсырмасы аясында қолға алынды. Ең басты мақсат – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету", - деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
"Жұмағалиева Н.М" шаруа қожалығы іске асырған жобаның жалпы құны 3 млрд теңгеден астам қаржыны құрайды. Қазір үш блоктан тұратын жылыжай кешенінің бірінші кезеңі іске қосылды.
"Жылыжайда кешенінде 60-тан астам адам жұмыс істейді. Оның ішінде 40-тан астам жергілікті тұрғын бар. Олар жылыжайдан жылына 900 тонна қызанақ, 700 тонна қияр жинайды. Қызанақтың голландық "Merlice" деп аталатын сорты тәулігіне 6 тонна, қиярдың голландық "Golden" сорты тәулігіне 7 тонна өнім береді. Тоғыз айда әр өскіннен тәулігіне 18 келі өнім алу жоспарладық", - дейді шаруа қожалығының жетекшісі.
Кешен жұмысы автоматтандырылған. Тамшылатып суару әдісімен тыңайтқыш ертінділер түрінде беріледі. Сондай-ақ, жылыжай кешенінің аумағын 16 гектарға ұлғайту, үй жануарларын, құс пен балық түрлерін өсіруді қолға алу жоспарланған.