Атырау облысында 31 мың гектар игерілмеген жер мемлекет меншігіне қайтарылды

125

Бұл учаскелер жер заңнамасының талаптарына сәйкес пайдаланылмаған.

Атырау облысында 31 мың гектар игерілмеген жер мемлекет меншігіне қайтарылды Фото: pexel

Атырау облысы прокуратурасының қадағалау актілері нәтижесінде жалпы көлемі 31 432 гектар, құны 196 млн теңге болатын 16 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Облыс прокуратурасы таратқан мәліметке сәйкес, бұл учаскелер жер заңнамасының талаптарына сәйкес пайдаланылмаған.

"Мысалы, 137 жер қойнауын пайдаланушы мемлекетке ауыл шаруашылығы шығындарын өтеуге тиіс болғанымен, 65 млн теңгені уақытылы төлемеген. Прокуратура араласуынан кейін бүгінге дейін 13,8 млн теңге мемлекет кірісіне өндірілді.

Сондай-ақ, "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағын тексеру кезінде сенімгерлік басқару шарты бұзылғаны анықталды. Соның нәтижесінде, "Атырау Нефтехим" ЖШС-не тиесілі, мақсатына сәйкес игерілмеген, құны 1,6 млрд теңге тұратын 106 гектар жер учаскесі АЭА меншігіне қайтарылды. Серіктестік өз міндеттемелерін орындамағандықтан, АЭА қатысушылары қатарынан шығарылды", – делінген ақпаратта.

Тағы бір жағдайда, ұзаққа созылған сот процестері нәтижесінде, прокурорлық қадағалау актісінің негізінде "Кипрос" ЖШС-не тиесілі, Атырау қаласындағы пирс салуға арналған 3,46 гектар жер мақсатына сәйкес пайдаланылмағаны үшін мемлекетке қайтарылды. Бұл жер телімінің нарықтық құны – 250 млн теңге.

Облыс прокуратурасы жер заңнамасының орындалуын қатаң бақылауда ұстап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу