Атырау облысында 37 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр

1031

Атырау облысында 37 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Атырау облысының кәсіпкерлері әлеуметтік нысандар салуға 188 миллион теңге бөлді. Бұл туралы облыстық мәслихат депутаттары алдында есеп берген аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникация қызметі.

"Аймақта шағын және орта бизнестің дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр, - деді облыс әкімі. -Мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлікті дамыту механизмінің нәтижесінде өндірістік сектор өткен жылмен салыстырғанда 46,1 %-ке өсті. Биылғы бірінші тоқсанда 288 миллиард теңгенің өнімі шығарылды".

"2017 жылдың шілде айында Атырау облысында "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында 86 жоба бекітіліп, жүзеге асырылып жатыр, - деп мәлімдеді Нұрлан Ноғаев. – Облыста жобаларды дайындап, қолдаумен айналысатын арнайы жобалық кеңсе құрылды. Мемлекет басшысы айтқандай, аталған бағдарламаға Қазақстанның барлық тұрғындары қатыса алады. Біздің облыстың кәсіпкерлері жергілікті бастамаға қолдау көрсетіп, биыл 188 миллион теңгеден астам қаржы бөліп отыр. Ол қаржыға облыс аудандарында жол, балалар алаңдары мен саябақтар салынады".

2017 жылы жергілікті атқарушы органдар жұмыс орындарын сақтау туралы 2 539 мекемемен меморандумға қол қойды, оларда еңбек етушілердің жалпы саны 115,4 мың адам. Нәтижесінде жұмыстан қысқартылған қызметкерлердің санын 20% -ға азайтуға мүмкіндік туды. Жыл басынан бері облыста 11 580 жаңа жұмыс орындары құрылды, оның 80%-ы тұрақты. Әлеуметтік қорғау органдарында жұмыссыз ретінде 17 448 адам тіркелген, оның 72 %-ы немесе 12 662 адам жұмыс орындарымен қамтылды.

Үнемі назарда келе жатқан тағы бір мәселе – ауыл шаруашылығын дамыту. Биыл ауыл шаруашылығында 22,9 миллиард теңгенің өнімі шығарылды. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, егін шаруашылығы жақсы дамып келеді. 2 300 гектар жерге тамшылатып суару әдісі қолданылады.

Биыл бюджет пен демеушілер қаражатына 37 көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Тұрғын үйдің жалпы ауданы 135,7 мың шаршы метр немесе екі мыңнан астам пәтерді құрайды. Әлеуметтік жауапкершілік бағдарламасы бойынша компаниялар қаржысына аудандарда 240 пәтерлік 4 тұрғын үй салынуда.

Жақын болашақта Құрманғазы ауданындағы Азғыр селолық округінің электр энергиясына тәуелділігі шешімін табады. Бұл мәселе облыс әкімінің назарында. Азғыр өңіріндегі бірнеше елдімекендер Ресейдің электр энергиясымен қамтылып келген еді, электр беру желісін жөндеу кезінде үнемі проблемалар кездесетін. Аймақ басшысының араласуымен бұл мәселе оң шешімін тапты. Қазір Ганюшкино селосынан қуаты 110 КВ болатын ұзындығы 205 шақырымдық желі құрылысына жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.

Жоспарға сәйкес нысандарды қысқы маусымға дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 5,2 миллиард теңге қаралған. Жылыту маусымына 836 әлеуметтік нысан мен бір жарым мыңнан астам тұрғын үйлерді дайындау жоспарда бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу