Мақат ауданы, Мақат кентінен "Білеулі ата" учаскесіне бағыт алған жеңіл автокөлік батпақты жерге батып шыға алмай қалған.
Мақат аудандық ТЖБ қызметкерлері Мақат кентінен 10 км қашықтықта батпақты жерге батқан автокөліктегі адамдарды эвакуациялап, батпаққа батқан жеңіл автокөлікті шығару жұмыстарын жүргізді.
Авариялық-құтқару жұмыстарына Атырау облысы ТЖД 3 қызметкері мен 1 бірлік техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ 10 наурыз күні сағат 01:04-те Атырау қаласы Жұмыскер кентінің маңында Жайық өзені бетінде мұз ойылып, 1 адамның мұзға түсіп кеткені туралы құтқарушыларға шақырту түсті.
Жайық өзені жағасында түнгі уақытта балық аулап отырған 2 адам көмек сұраған дыбысты естіп, мұз ойылып, құлап кеткен адамды көреді. Дереу құтқарушыларға шақырту беріп, мұз астына құлап кеткен адамды құтқаруға кіріседі. Көмек сұраған азаматты қайыққа мінгізіп, өздері қайық үстінде мұз ортасында қалады. Енді қайықта 3 адам үшін болғандықтан балықшылардың қолдан жасалған қайығының аударылып кету қаупі туады. Атырау облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары оқиға орнына жетіп, мұз үстінде қайықта отырған 3 адамды құтқару жұмыстарына кіріседі. Құтқарушылар қайыққа құтқару арқанын лақтырып, қайықты жағаға сүйреп, адамдарды құтқару жұмыстарын жүргізді.
Зардап шеккен азамат шамамен 35-40 жас шамасындағы ер адам, және алғашқы болып құтқаруға тырысқан 2 азамат 103 қызметкерлеріне тапсырылды. Жағдайлары қалыпты.
Авариялық - құтқару жұмыстарына Атырау облысы ТЖД "ӨС және АҚЖҚ" ММ Жедел-құтқару жасағының 3 құтқарушысы мен 1 бірлік техникасы жұмылдырылды.