Атырау облысы бойынша 611 923 адам емдеу мекемелеріне тіркеліп, әлеуметтік мәртебесін анықтаған, деп хабарлайды abctv.kz.
Бүгінгі таңда өңірде халыққа тегін медициналық қызмет көрсету үшін 62 денсаулық сақтау мекемесі тіркелген. Олардың 35-сі мемлекеттік, ал 27- сі жекеменшік нысан.
"Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ АОФ директоры Байтолла Ғазизовтың айтуынша өткен жылдың 1 шілдесінін бастап Атырау облысы бойынша аударылған жарна көлемі 1 млрд 807 млн теңгеге жеткен.
Жүйе іске қосылғаннан кейін шілде айынан бастап желтоқсанның соңына дейін қордың Ұлттық банктегі шотына түскен қаржы (жарна) мөлшері 32 млрд 130 млн теңгеге жетті. Оның 26 млрд 396 млн теңгесі (жалпы соманың 81 пайызға жуығы) жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскер үшін жасаған жарнасы болса, қалған 5 млрд 733 млн теңге (19 пайызға жуығы) жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.
Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдан бастап толықтай қолданысқа енетін болды. Бірақ, өткен жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс берушілер төлейтін жарна қызметкерлердің есеп шотына аударыла береді. Ал жеке кәсіпкерлер, нотариустар, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар 2020 жылға дейін жарна төлемейді.