Атырау облысында аса қауіпті мал ауруының үш ошағы анықталған. Ауру ошақтары Индер мен Құрманғазы ауданынан табылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың айтуынша, аса қауіпті ауру ошақтарында шектеу және карантин шаралары белгіленген. Соған сәйкес тиісті жұмыстар атқарылған.
"Биыл бекітілген жоспарға сәйкес өңірдегі төрт түлікке аса қауіпті 11 түрлі ауруға қарсы 3 млн 551 мың 758 доза вакцина егілді. Бруцеллез ауруына байланысты 1 млн 50 мың 940 қан сынамасы алынды. Сынама қорытындысымен анықталған ауру мал иелеріне жергілікті бюджет есебінен тиісті өтемақы төленді", - деді Амангелді Саламат.
Оның айтуына қарағанда, облыс аумағында соңғы үш жылда улы қарақұрт көбейген. Қарақұрттан төрт түлік, оның ішінде түйе көп зардап шеккен.
"Маусым-шілде айларында 485 түйені қарақұрт шақты. Соның салдарынан 90 түйе өлді. Ал, 306 түйе симптоматикалық емдеуден кейін сауықты. Қазір 89 түйеге емдеу шаралары жүргізіліп жатыр. Өлген мал иелеріне 65 млн теңгеден астам шығын келтірілді. Аталған жағдай жыл сайын көбейіп, мал иелері тарапынан алаңдаушылық туындап отыр", - деп мәлім етті Амангелді Саламат.