Атырау облысында екі жыл бұрын 28 млн.теңгеге салынған балалардың ойын алаңы түгі қалмастан жанып кетті. Оның қасақана өртелген болуы ықтимал, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Оқиға 25 тамыз күні Жылыой ауданы Жаңа Қаратон ауылында болды. Көлемі 1500 шаршы метр болатын алаң 2019 жылы пайдалануға берілген. Тұрғындардың айтуынша, бұл жерді күндіз-түні қолы бостықтан ерігіп жүрген ересек адамдар төңіректеп отыратын болған. Маңайда өрттің шығуына себеп болды дейтіндей тоқ көзі де, қоқыс жәшігі де жоқ. Сол себепті, ауыл әкімі Сансызбай Баймұратов "оны әдейі өртеген болуы мүмкін" деп жорамалдап отыр.
"Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сот-медициналық сараптама тағайындалды. ҚР ҚК 202 бабының "бөтен мүлікке зақым келтіру мен жоюды" көздейтін 2 бөлігі бойынша іс қозғалды. Келтірілген шығын есептелуде" деп хабарлайды облысы полиция департаменті.
Құралай Қуатова