Атырау облысында биыл салынған жолдан 311 ақау анықталған

183

Талапқа сай келмейтін жолдар қайта жөнделді ме?

Атырау облысында биыл салынған жолдан 311 ақау анықталған Фото: syrboyi.kz

Атырау облысында жыл басынан бері салынған жол сапасына 760 мәрте тексеру жүргізілген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК Атырау филиалының зертхана меңгерушісі Дәурен Кенжешевтің мәліметінше, республикалық маңызы бар жолдан 185 ақау анықталған. Ал жергілікті жолдың сапасынан 126 ақау табылған. 

– Мәселен облыс орталығындағы Жастар және Б.Құлманов көшесіндегі жол қабатының қалыңдығы талапқа сәйкес келмеді. Филиал инженерлерінің тексеруінен кейін мердігер мекемелер өз қаржысына 42 мың шаршы метрден астам жолды қайта қалпына келтіріп жатыр. Оның ішінде Атырау қаласында 1052 шаршы метр жол қайта салынды, – деп хабарлады Дәурен Кенжешев.

Оның дерегіне сүйенсек, жергілікті филиалдың зертханасында жол құрылысына пайдаланылатын материалдардан алынған сынамалар сараптамадан өтеді. Мәселен, биыл 5024 тонна сапасыз құрылыс материалдары өндірістен алынып тасталған. Республикалық және жергілікті жолдан алынған 2494 сынаманың 745-і ҚР стандарттарына сәйкес келмейтіні анықталған. 

– Қазір Атырау қаласындағы жолға қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон қабаты төселіп жатыр. Бұл бұрынғы қолданыстағы асфальтбетоннан сапалығымен ерекшеленеді. Болашақта жол сапасын одан әрі арттыру мақсатында жаңа технология енгізіледі. Атап айтқанда, полимерлі асфальтбетонды пайдалану жоспарда бар. Полимерлі бетон жол сапасын арттырып, пайдалану мерзімін ұзартады. Жолдың беткі қабатына біраз уақытқа дейін жарықтар, ойықтар түспейді, – деп мәлім етті Дәурен Кенжешев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу