Атырау облысында "Боздағын күткен ана" ескерткіші ашылды

1338

Оның прототипі – өмірде болған жан.  

Атырау облысында "Боздағын күткен ана" ескерткіші ашылды

Атырау облысы Мақат кентінде биіктігі 4 метр болатын "Боздағын күткен ана" атты ескерткіш бой көтерді. Бұл туынды екінші дүниежүзілік соғысындағы аналардың жанкешті еңбегіне құрмет ретінде қойылған, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Айта кетейік, ескерткіш прототипі Сәнді Деңгелбайқызы өмірде болған адам. Оның жалғыз ұлы Нәби Махамбетов 1942 жылдың қыркүйегінде әскерге алынады. Кейін одан "Сталинград майданына кірдік" деген жалғыз хат келген. Ал 1943 жылдың қаңтарында "суық хабарды" естіртеді. Кейуана соған қарамастан 95 жасқа келіп өмірден өткенше жалғыз ұлын сарыла күтумен болыпты.

Сәнді әжеміздің бауыры Орақ Деңгелбаевтың айтуынша, ол кісі сол кездегі Орынбордан қатынайтын жалғыз жолаушы пойызы болсын, тауар пойызы болсын, күн құрғатпай теміржол вокзалына барып тұрған. Өткен-кеткен жолаушылардан "Менің Нәбиімді көрдің бе?" деп сұрап, әскери адамдарға апарған тәтті-дәмдісін беріп жібереді екен.

Осындай жан тебірентерлік жағдайдың куәсі боп өскен жерлестері Сәнді Деңгелбайқызының құрметіне арнап, аналарға ескерткіш орнатты. Келешекте бұл маңайға қоршау салып, гүлзар егу жоспарланып отыр.  

Дерек бойынша, Атырау облысынан екінші дүниежүзілік соғысқа 56 мың адам шақырылған. Оның 25 мыңы қан майданда қаза тапқан. Хабарсыз кеткендері де көп. Тек қана Мақат кәсіпшілігінен 1 700 адам әскерге алыныпты.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу